Қарағанды облысының әкімі мен Германияның Қазақстандағы елшісі ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тило Клиннерді қабылдады. Кездесуде өңір мен Германия арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

–  Қарағанды облысында Германиядан келген серіктестердің қатысуымен бірлескен кәсіпорындар саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде олардың саны 120. Кәсіпорындар түрлі салаларда жұмыс істейді: сауда, ауыл шаруашылығы, тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, көлік, білім беру, кәсіби және ғылыми қызмет және т.б. Соңғы уақытта облыста герман капиталының қатысуымен бірқатар ірі жобалар іске асырылды. Олардың қатарында «Linde Gas Kazakhstan» ЖШС өнеркәсіптік газ өндіру зауыты, Саран қаласы мен Ағадыр кентінде күн электр станцияларын салу сияқты маңызды жобалар бар, – деді Жеңіс Қасымбек. – Біз неміс компанияларын тартуға мүдделіміз. Германия біз үшін стратегиялық сауда-экономикалық және мәдени әріптес болып табылады.

Ол «Сарыарқа» АЭА аумағында 2014 жылдан бастап герман капиталы бар екі зауыт – «Бемер Арматура» және «Изоплюс Центральная Азия» жұмыс істейтінін еске салды. Аймақ басшысы неміс бизнесін Саран қаласында құрылған жаңа индустриялық аймақта ынтымақтастыққа шақырды.

Облыста 32 мыңнан астам этникалық немістер тұрады, деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Өткен жылы өңірдің Германиямен сыртқы сауда айналымы 71,3 млн АҚШ долларын құрады. Кездесуде мәлімделген көлемді ұлғайту мүмкіндіктері бар.

– Мен металлургия саласындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылау мақсатында келдім. Қарағанды облысында іскерлік серіктестікті кеңейтуге мүмкіндік беретін кәсіпорындар кластері бар. Газ өндірісін кеңейту жоспарлары бар. Бүгін мен «АрселорМиттал Теміртау» басшылығымен кездесемін. Дайындық кезеңінде неміс бизнесі қатысуға дайын жоба бар. Болашақта «жасыл» болат шығаруға ауысуға болады. Бұл экологияны жақсартуға көмектеседі, –  деді Тино Клиннер мырза.

Елші осы жобаны қарау, мәселелерді пысықтау және шешім қабылдау үшін жұмыс тобын құруды ұсынды.

– Жалпы бұл біз үшін өзекті. Біз ынтымақтасуға дайынбыз, – деп сендірді Жеңіс Қасымбек.

Әкіммен кездесуден кейін Елші Теміртауға бет алды. Ол «АрселорМиттал Теміртау» және Теміртау жоғары политехникалық колледжіне барады. Оқу орнында дуальді оқытудың неміс моделі негізінде мамандар даярлау бойынша жоба іске асырылады.