Қарағанды облысының фермерлері азық құнын арзандатуға субсидия алады

Қарағанды облысында фермерлерге қосымша қолдау көрсету туралы шешім қабылданды. Олардың жем-шөп дайындауға жұмсаған шығындары субсидияланады.

Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

«Қуаңшылық жазға байланысты оның салдарын жою үшін малға жем-шөп дайындау мақсатында өңір фермерлері бірнеше рет әкімдікке жүгініп, мемлекеттік қолдау көрсетуді өтінген болатын. Облыс әкімдігі облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен ауыл шаруашылығының ұрғашы малдарына жұмсалатын азық құнын арзандатуға субсидия бөлу туралы шешім қабылдады», — деп жазды аймақ басшысы.

Субсидиялар жайылымы шөлді табиғи аймақта орналасқан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған. Бұл Ұлытау, Шет, Жаңаарқа және Ақтоғай аудандарының шаруашылықтары.

Субсидияларды төлеу қазан айынан басталады. Оған облыстық бюджеттен қаражат бөлінді.