Қарағанды облысының ауыл мектептерінің түлектеріне ҰБТ-ға дайындалуға көмектеседі

Ауылдық аудандар мен аз қамтылған отбасылардың оқушылары, сондай-ақ мүгедектігі бар балалар ҰБТ-ға тегін дайындала алады. Мұндай бастаманы Samgau академиясы іске асырмақ. Ол Қарағанды облысының білім басқармасымен және «Сарыарқа адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен меморандум жасасты.

– Өткен жылы біздің академия 110 түлекті тегін оқытып үлгерді. Оның 23-і грантқа түсті. Осы жылы біз ауылдық мектеп оқушыларын, әлеуметтік қорғалмаған топтардан шыққан және мүгедектігі бар балаларды тегін оқытуды жалғастыруға ниеттіміз. Арнайы бағдарлама арқылы осындай мыңға жуық баланы онлайн-оқытумен қамту жоспарлануда, – деп атап өтті Samgau жобасының директоры Ардақ Жакин Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте.

Тегін оқуды қажет ететін түлектердің тізімін білім басқармасы қалыптастырады. Сондай-ақ, аталған санаттарға жататын он бірінші сынып оқушыларының ата-аналары оларды WhatsApp-8-705-234-07-53 нөмірі немесе білім беру жобасының сайты арқылы өз бетінше жаза алады https://samgau.academy/coc.