Қарағанды облысында өзіне-өзі қызмет көрсететін ауылдардың жұмысы тексерілді

Қарағанды облысында «Сарыарқа — адалдық алаңы» аймақтық жобалық кеңсесі өз қызметін дамытуда. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті бастамашы болған бұл жобаның мақсаты — тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау. Жұмыс мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жариялылығын арттыруға бағытталған.

Жобалық кеңсе қызметінің тиімділігі мен ынтымақтастықты жетілдіру мәселелері онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды.

— Қыркүйек айында атқарушы органдармен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Департаментімен бірлесіп, ауылдық округтердегі өзіне-өзі қызмет көрсететін нысандардың жұмысына талдау жүргізілді. Облыс бойынша олардың саны-202. Тексеру кезінде «құпия сатып алушы» әдісі қолданылды. Барлық жерде кеңесшілер жоқ немесе техникаға қол жеткізуде қиындықтар туындап жатқаны анықталды, — деді «Сарыарқа — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Малика Күсенбаева.

Тексеру қорытындысы бойынша осы жұмысты жақсартуға бағытталған ұсыныстар берілді.

Қазан айында жобалық кеңсе оқушыларды қашықтан оқыту, коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайындық сияқты өзекті мәселелерге назар аударды. Сондай-ақ, азаматтарға тұрғын үй қорынан пәтер беру, көгалдандыру және қоқыс жинауды қаржыландыру мониторингі жүргізілді.

Облыстың қалалары мен аудандарында мемлекеттік қызмет көрсетуді жақсарту үшін сервистік әкімдіктер ашылды.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек бұл жұмыс сапалы деңгейде жалғасуы тиіс екенін атап өтті.

— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие жұмысын тұрақты негізде жүргізу қажет. Азаматтарды ақпараттандыру үшін мүмкіндігінше көп жағдай жасаңыздар. Жобалық кеңсенің қызметін ашық ету, ашықтық мәдениетін ілгерілету үшін көбірек жұртшылықты тарту қажет, — деп атап өтті өңір басшысы.