Қарағанды облысында жетекші шахтёрлер мен тәлімгерлер марапатталды
Кеншілер күні қарсаңында «АрселорМиттал Темиртау» АҚ Көмір департаментінде үздік жұмысшылар марапатталды. Ведомстволық төсбелгілер 55 адамға табыс етілді. Еңбек сіңірген шахтёрлерге «Жыл тәлімгері» атағы беріліп, естелік кәдесыйлар табыс етілді.
Марапаттау рәсімі санитарлық талаптарды сақтай отырып өтті. Департамент басшылары әріптестерін құттықтап, еңбегі, кәсібилігі мен ісіне адалдығы үшін алғыс білдірді.
Жер асты және жер үсті кәсіпорындарының қызметкерлеріне «Шахтёр Даңқы», «Кенші Даңқы» және «Шахтёрская Слава» белгілері табыс етілді. Марапат алған кеншілер белгімен қоса ақшалай сыйлық алды.
Биыл компанияда «Жыл тәлімгері» атағын беру дәстүрі құрылды.
Оның алғашқы иегерлерінің бірі, тау-кен монтажшысы Вальтер Пацер «Шахтинская» шахтасында 40 жылдан астам еңбек етеді.
– Жас кеншілерді қауіпсіз жұмыс істеуге, асықпауға, барлығын дұрыс және сапалы жасауға үйретемін. Тәжірибе алмасу керек. Ауысымды дайындау маңызды, бұл біздің болашағымыз, – деп бөлісті ол.
«Шахтёр Даңқының» толық кавалері «Тентек» шахтасының тау-кен қазбаларын жөндеу учаскесінің бастығы Игорь Крылов болды.
– Бұл біздің ортақ марапатымыз, – деп есептейді ол. – Менің әкем осы шахтада жұмыс істеді, мен 35 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бұл кәсіпорын мені көптеген жақын адамдарыммен байланыстырды.
III дәрежелі «Шахтёр Даңқы» төсбелгісімен Ринат Гарифуллин марапатталды. Қырық жылдан астам уақыт бойы ол «Қазақстан» шахтасында еңбек етеді.
Компанияда кеншілер әулеттері де атап өтілді. Сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар табыс етілді.