Қарағанды облысында жергілікті қамтуды дамыту жайы талқыланды

Сатып алу және жергілікті қамтуды дамыту мәселелері Қарағанды облысы басшылығының тұрақты бақылауында. Бейнеконференция режимінде өткен кеңесте «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өкілдері биылғы жылы сатып алу жағдайы мен 2021 жылға арналған жоспарлар туралы хабардар етті.

Кеңеске облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, өңірдің 50-ге жуық тауар өндірушілері қатысты. Компаниялар жергілікті қамтуды дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Сондай-ақ проблемалық мәселелер қаралды.

Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының ақпараты бойынша, облыс әкімдігі мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ арасындағы меморандум аясында өңірдің 49 кәсіпорны 109 млрд теңгеге тапсырыс алды.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы алдын ала және посттендерлік бақылау жүргізеді. Барлық салалар бойынша жағдай қадағалануда. Мониторингке сәйкес, мердігер ұйымдар жергілікті тауар өндірушілермен 27 млрд теңгеге келісім-шарт жасасты. Отандық тауар өндірушілердің құрылыс-монтаждау жұмыстарына қатысуын құрылыс материалдарының жалпы сомасының 92%-ға дейін жеткізу мақсаты қойылды.

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер Палатасы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша