Қарағанды облысында жеңіл өнеркәсіп қалай дамуда?
Бизнес ұсыныстарды ескере отырып, Қарағанды облысында мемлекеттік сатып алу жүйесі құрылуда. «Қарапайым заттар экономикасы» шеңберінде жергілікті қамтудың үлесі белгіленді.
Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек бизнес-қоғамдастықпен онлайн-кездесуде жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдау мәселелерін талқылады.
— 2020 жылдың қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен қызметтерін мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту үлесі екі есеге артты. «Қарапайым заттар экономикасы» шеңберінде бұл салада 2021 жылы нысаналы индикаторға 65,5% деңгейінде қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет, — деп хабарлады мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Нұрлан Әлімжанов. — Біз өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп белгілі бір жұмыс жүргіздік. Ірі тапсырыс берушілермен және отандық өндірушілермен кеңестер өткізілді.
Кездесуге қатысушылардың пікірінше, жергілікті тігін фабрикалары өз өнімдерін ауруханалар мен мектептерге көбірек жеткізе алады. Жергілікті қамтуды полиция департаменті мен басқа ведомстволардың сатып алуларында ұлғайтуға болады.
Мысалы, ведомстволық бағынысты мекемелер үшін біртекті тауарларды орталықтандырылған сатып алуды Денсаулық сақтау, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары ұйымдастыра алады.
Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары, өңірлік кәсіпкерлер палатасының салалық комитетінің өкілдері өз ұсыныстарын білдірді.
— Біз мемлекеттік органдардың сатып алуларындағы жергілікті қамту үлесін қалай заңды түрде арттыру керектігін түсінгіміз келеді. Міндет — біздің қарағандылық кәсіпорындардың жүктелімін арттыру, жұмыс орындары мен салық түсімдерінің қамтамасыз етілуі. Конкурстық рәсімдерді жеңілдету және жергілікті өндірушілердің мемлекеттік сатып алуларына қатысу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз. Сіздердің барлық ұсыныстарыңызды ескереміз, — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.