Қарағанды облысында жастарды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілуде?

Жыл басынан бері 11 мыңнан астам жас қарағандылықтар жұмыспен қамту орталықтарына жүгініп, нақты көмек алды. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен Жастар ісі жөніндегі кеңестің онлайн-отырысында NEET-жастарды жұмысқа орналастыру, мемлекеттік гранттар беру және әлеуметтендіру мәселелері көтерілді.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекованың айтуынша, жұмыспен қамту проблемаларын шешу үшін «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары қолданылады.

Жұмысшы мамандықтары бойынша қысқа мерзімді курстардан 335 адам өтті, техникалық және кәсіптік оқуға 700 адам жіберілді. «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін 555 қарағандылық тыңдап шықты, тағы 154-і шағын несие алды.

– Жастар тәжірибесіне 959 адам, 194 – субдияланған жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды. 3 мыңға жуық адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Алғашқы жұмыс орнымен 124 адам қамтамасыз етілді, – деді Әсем Жүніспекова.

Облыста жастарға өз ісін ашуға мүмкіндік беріледі. Жыл сайын мемлекеттік гранттар бөлінеді. Биыл оларды 343 адам алды. Өңірдің 301 тұрғыны Қарағанды облысы әкімінің грантын тағайындау конкурсына өз өтінімдерін жіберді. 100 өтінім іріктеліп алынады, жеңімпаздар миллион теңгеден алады.

Кездесуге қатысушылар қаражаттың мақсатты пайдаланылуына бақылауды күшейтуді және бүгінгі күні шын мәнінде өзекті бизнес-идеяларды іріктеуді сұрады.

Облыс әкімі бұл ұсынысты қолдап, грант түрінде бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторингті күшейтуді, грант алушылар мен қоғамдық пікір көшбасшылары комиссиясының қызметіне мониторинг жүргізуге жұртшылықты барынша тартуды тапсырды.

– Қалалар мен аудандар әкімдеріне жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп, жастарды жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға тартуды жандандыруды тапсырамын, – деді Жеңіс Қасымбек.

NEET-жастар туралы да сөз болды. Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов жастарды жұмысқа орналастыру ғана емес, әлеуметтендіру мен өзін-өзі жүзеге асыруға көмек көрсетуге баса назар аударуды ұсынды. Қиын жағдайға тап болған адамдар үшін психологтар мен жаттықтырушылар тарапынан кеңес беру үсынысы алға тартылды.