Қарағанды облысында жас дәрігерлер баспанамен қамтамасыз етіледі
Қарағанды облысында медициналық кадрлардың тапшылығы төмендеуде. Бұған жас мамандардың тұрғын үй мәселесін шешу ықпал етеді. Алдағы жылдары үш жүзден астам дәрігерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.
– Биыл Қарағанды медициналық университетінің 597 түлегі жас мамандар қатарын толықтырып, облыс клиникаларында жұмыс істейтін болады. 2023 жылдың соңына дейін біз олардың 300-ден астамын тұрғын үймен қамтамасыз етуге тырысамыз. Жақында біз Теміртауда пәтер кілтін табыс еттік. Онда дәрігерлерге арналған 86 пәтерлі үй пайдалануға берілді. Осылайша мәселе Приозерск қаласында да шешілуде. Сондай-ақ, Қаражалда 12 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, – деді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен онлайн-брифингте.
Айта кету керек, облыста «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогын, Майқұдық және Сұрыптауда жедел медициналық жәрдем қосалқы станцияларын, позитронды-эмиссиялық компьютерлік томография ғимаратын, Қарағандының №1 көпсалалы ауруханасы жанындағы қабылдау-диагностикалық бөлімшесін салу жалғасуда. Бұдан басқа, 200 төсектік облыстық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы аяқталуда.
«Ауыл – Ел бесігі» республикалық бағдарламасы аясында Нұра ауданының Кертінді ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) ашылады. Облыс бойынша 2024 жылға дейін барлығы 32 ФАП салу жоспарлануда.