Қарағанды облысында жаңадан сайланған 75 әкім қызметіне кірісті
Бүгін Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек халық сайлаған ауыл әкімдерімен онлайн кездесу өткізді. Осылайша, ауылдастарының қолдауына ие болған 75 адам әкім қызметін бастады. Сайлауда 4 партияның өкілі және өзін-өзі ұсынушылар жеңіске жеткен болатын.
Аймақ басшысы жиын барысында әкімдердің халық сенімін ақтайтынына сенім білдірді, сондай-ақ, әрдайым халық мүддесін қорғауды тапсырды.
– Нәтижелерге қарап отырсақ, көпшілігіңіз алғаш рет әкім болып отырсыздар. Сайлау өткен ауыл басшыларының құрамы 77%-ға жаңарды. Бұл өте жақсы, себебі жаңа көзқарас проблемаларды жаңаша қарауға көмектеседі. Ауыл әкімдері – бұл барлық мемлекеттік жүйенің іргетасы. Еліміздің жетістігі көп жағдайда өңірлерде, әрбір ауылда жұмыстың қалай жүріп жатқанына байланысты. Әрбір ауылдың өзіндік ерекшеліктері мен проблемалары бар, оларды шешу қажет. Әрине, ең бастысы – адамдардың мұң-мұқтажына әрдайым құлақ түру. Тек осылай ғана билік шынымен тиімді бола алады. Жерлестеріміздің сенімі қымбат. Сайлау науқаны кезінде берген уәделеріңізді ұмытпаңыздар, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Сайлау нәтижесі бойынша Абай ауданына қарасты Қарағанды ауылдық округінің әкімі лауазымын Владислав Кирей жеңіп алған болатын. Ол қазіргі таңда жеңіске жеткен әкімдердің ішіндегі ең жасы. Небәрі 26 жастағы азамат бұл сайлаудың ең тарихында маңызы зор екенін айтады. Сондай-ақ, өз ауылының дамуына және тұрғындардың әлеуметтік ахуалын арттыруға күш салатынын атап өтті.
Айта кетейік, ауыл әкімдерін сайлауға 61 846 тұрғын қатысқан болатын. Олар 257 үміткердің арасынан 75 азаматты таңдады. Сайлауда өзін-өзі ұсынған 14 үміткер және Nur Otan, «Ауыл», «Ақ жол», ADAL партияларының өкілдері жеңіске жетті.