Қарағанды облысында жұмысшылар дайындайтын 40 оқу орталығы жұмыс істейді

Қарағанды облысында жұмысшы кадрлардың жетіспеушілігі мәселесі оқу орталықтарының көмегімен шешілуде. Курс түлектерін кәсіпорындарға жұмысқа орналастырады.

«Бүгінде өңірде 1 605 кәсіпкерлік нысанында жұмысшылар тапшы. Кадрларға деген қажеттілікті жабу үшін Қарағанды облысы Кәсіпкерлер Палатасының қолдауымен 40 оқу орталығы ашылды. Олардың көпшілігі бизнес нысандары негізінде жұмыс істейді. Мұндай курстардың танымалдығы артып келеді. Егер өткен жылы 800 адам өтсе, бес ай ішінде бұл орталықтар 739 адамды оқытып шығарды», – деп хабарлады өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Палата басшысы Ернар Күлпейісовтің айтуынша, түлектердің 80%-дан астамы жұмысқа орналасты.

– Жыл сайын Кәсіпкерлер Палатасы мониторинг жүргізеді, ол нарықтағы кадрлардың қажеттілігін анықтайды. Бүгінде ол шамамен 2 600 адамды құрайды. Құрылысшылар, ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіп саласының қызметкерлері, сондай-ақ бастауыш сынып мұғалімдері мен тәрбиешілер қажет, – дейді ӨКП жанындағы Адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Қарлығаш Оспанова.

Білім басқармасы мектеп түлектері арасында жұмысшы мамандықтарға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті.

Мысалы, Қарағанды техника-құрылыс колледжінде 700-ден астам адам білім алуда. Ең танымал бағыттар – сәулет және құрылыс.

– Бізде жақсы оқу базасы, ең заманауи жабдықтар бар. Орта техникалық мамандықтарға сұраныс бүгінде өте жоғары. Кәсіпорындардан мамандарды таңдау туралы көптеген өтініштер келіп түседі, – деді Қарағанды техника-құрылыс колледжі директорының м. а. Әйгерім Кешубаева.