Қарағанды облысында қуаттылығы тәулігіне 10 мың тестілеуді құрайтын 8 ПТР-зертхана жұмыс істейді

Қарағанды облысында КВИ анықтау бойынша халықты тестілеу көлемі ұлғайды. Жалпы өңір бойынша қуаттылығы тәулігіне 10 мың зерттеуге дейін жасай алатын 8 ПТР-зертхана жұмыс істейді, үш айлық дәрі-дәрмек қоры қамтамасыз етілді және ауруханаларды жарақтандыру күшейтілді.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында өңір басшысы Жеңіс Қасымбек мәлім етті.

— Жарты жыл ішінде облыста ауруханалар, санаторийлер мен жатақханалар базасында 47 госпиталь ашылды. Қазіргі уақытта олардың 17-і жұмыс істейді, қалғандары уақытша жабылған. Төсек қоры 3 есеге артты. Желтоқсанға қарай КВИ емдеуге арналған төсек саны 5 200-ге дейін жеткізіледі. Қазір төсектердің жұмыспен қамтылуы 4%-дан аспайды, — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Осы жылы өңірде 49 денсаулық сақтау нысаны жөнделді, оның ішінде Теміртау, Шахтинск, Балқаш және Абай қалаларындағы инфекциялық ауруханалар мен бөлімшелер жөндеуден өтті. Жезқазғанда 200 орындық модульді госпиталь салынды.

Облыста алғашқы медициналық көмекті күшейтуге баса назар аударылады. Ол үшін 288 мобильді емханалық бригада құрылды. Шалғай ауылдарда тоғыз жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді.

— Біз тыныс алу жүйесі ауруларын уақтылы диагностикалау және емдеу үшін ауруханаларды медициналық техникамен жабдықтауды жалғастырудамыз. Биыл ӨЖЖ-аппараттарының саны 2,5 есеге артты. Қазір стационарларда 364 аппарат бар. 25 госпитальде орталықтандырылған медициналық газ беру жүйесі орнатылған, — деді Қарағанды облысының әкімі.

Жыл соңына дейін облыста жұмыс істейтін 18 компьютерлік томография кабинетіне тағы төрт кабинет қосылады — Шахтинск, Балқаш, Жезқазған және Сәтбаев қалаларында.

Қарағанды өңірі – өнеркәсіптік өңір екені белгілі. Мұнда вахталық әдіспен жұмыс істейтін 40 ірі кәсіпорын бар. Олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және аурудың өршуіне жол бермеу үшін вахтаға дейінгі және кейінгі тестілеу және карантиндеу жүргізіледі.

Бүгінгі таңда облыста медициналық кадр тапшылығы жоқ. Жұмылдыруға 6,5 мыңнан астам медицина қызметкері дайын.

Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.