Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың жаңалықтары туралы айтылды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет енді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін мемлекеттік органдардың басшыларына айыппұл сала алады. Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссия отырысында мемлекеттік қызметшілер ескертілді. Кеңес ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдардың қатысуымен өтті.
– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген соңғы өзгерістерді атап өткен жөн. 2021 жылғы 5 сәуірден бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 15-ші бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға уәкілетті болатын түзетулер күшіне енді. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл кінәлі тұлғаларға алдын алу шараларын кеңінен қолдануға, олардың қылмыс жасауының алдын алуға мүмкіндік береді, – деді Нұрлан Шабдар. – Қазіргі уақытта Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспарды орындау үшін барлық мемлекеттік органдармен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіледі.
Оның айтуынша, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы өзінің тиімділігін көрсетті. Сыбайлас жемқорлық деңгейі үнемі төмендеп келеді. 2021 жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар 46%-ға аз тіркелді.
Комиссия отырысында өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылуы талқыланды.
– Облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірлесіп тұрмыстық сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге, мемлекеттік органдардың жұмысын трансформациялауға және облыс тұрғындарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы табысты іске асырылуда. Жоба аясында облыс бойынша 170 адалдық дүкені ашылды. Өңірде 47 Oреn space және 48 фронт-кеңсе, 18 сервистік әкімдік, 202 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы жұмыс істейді. Барлық қалалар мен аудандарда «Сарыарқа адалдық алаңы» жобалық кеңселері жұмыс істейді. Біздің облыс «Жақсылық акселераторы» жобасын алғашқылардың бірі болып қолдады, әрбір қала мен ауданда өз волонтерлік корпустары бар. Мұндай шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы ашық орта құруға мүмкіндік береді, – деді өңір басшысы Жеңіс Қасымбек.
Облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов атқарылған жұмыстар мен болашаққа жоспарлар туралы баяндады.
– Қарағанды облысына екі күндік жұмыс сапары барысында біз ұжымдармен жұмыс кездесулерін өткіздік, бірқатар нысандарды араладық. Әкімдік тарапынан да, азаматтық қоғам тарапынан да белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын көрдік. Қазір алдын алу шаралары бірінші орынға қойылып отыр. Бұл өңірде байқалады, – деп атап өтті ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары.