Қарағанды облысында суармалы жер көлемі ұлғая түседі
Қарағанды облысының фермерлері соңғы бес жылда 136 тамшылап суғаратын машина сатып алды. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары тамшылатып суару мен цифрлық технологияларды енгізуде. Бұл қолда бар су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Бұл бағыттағы жұмыс туралы Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов онлайн режиміндегі аппараттық кеңесте мәлімдеді.
— Қарағанды облысының суармалы жерлерінің ауданы 93,1 мың га құрайды, оның 67,2 мың га ауыл шаруашылығы құрылымдарына бекітілген. Оның ішінде бүгінгі таңда 21,3 мың га (23%) пайдаланылады, оның ішінде картоп – 10,5 мың га, көкөніс – 1,6 мың га, жем-шөп – 5,8 мың га және дәнді дақылдар — 3,4 мың га. Су тұтынушылар – облыстың бес ауданының 60-тан астам ауыл шаруашылығы құрылымдары: Абай, Бұқар Жырау, Нұра, Осакаров және Шет, — деп хабарлады баяндамашы.
Суару көздері Нұра және Шерубай-Нұра өзендері, Қ. Сәтпаев атындағы канал болып табылады. Қызметті «Қазсушар» кәсіпорны жүзеге асырады.
Басқарма басшысының ақпараты бойынша, мемлекеттік қолдау шараларының арқасында соңғы бес жылда қарағандылық фермерлер 136 заманауи тамшылап суаратын машина сатып алды, оның ішінде 12-сі – биыл алынды. Тамшылатып суару жүйесін облыстың 10 шаруашылығы енгізді.
Мемлекет су ресурстарын тиімді пайдалануды ынталандыруда. Аграршыларға су себетін машиналар құнының жартысы өтеледі, сондай-ақ су беру қызметтерінің құнын арзандатуға субсидиялар төленеді.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, облыста барлығы 262 гидротехникалық құрылыс бар. Қазіргі уақытта коммуналдық меншікке 41 объект қабылданды. Бұл жұмыс жалғасуда.
2021 жылы Топар және Тихоновка бөгеттерін күрделі жөндеу, сондай-ақ тағы үш гидроқұрылысты жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарлануда. Бұл нысандар ретке келтірілгеннен кейін ауыл шаруашылық жерлерін суару көздерін толықтырады.
Егістіктерді суару үшін су объектілерін барынша іске қосу үшін оларды декларациялауды жүргізу қажет.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру жөнінде тапсырма берді.
— Біздің өңір үшін бұл өте өзекті мәселе, — деп атап өтті ол. — Шығындарды азайту арқылы қолданыстағы су балансын барынша сақтау қажет. Тұрақты суарудың жақсы мысалын Нұра ауданынан көруге болады, ең заманауи технологияларды «Шахтерское» ЖШС пайдаланады. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың көптеген мәселелері цифрландырумен байланысты. Осы технологияларды енгізу процесін бақылауға алу қажет.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.