Қарағанды облысында үш санитарлық бекет орнатылады
Қарағанды облысындағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында 4 қараша сағат 00:00-ден бастап сыртқы шекараларға кіріп/шығуды бақылайтын үш санитарлық бекет орнатылады. Сондай-ақ, көліктердің жүріп-тұруына рұқсат беретін propusk.kz порталын ашу жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Санитарлық бекеттер келесі бағыттар бойынша орнатылады:
1. Қызылорда — Павлодар а/ж (Молодежный к. маңында).
2. Павлодар — Баянауыл — Бұқар жырау-Қарағанды а/ж (Үміткер кенті маңында);
3. Қарағанды — Аягөз — Бұғаз автожолының 271-ші шақырымы Семей қаласы бағытында (Кентөбе кенті маңында).
Бұл санитарлық бекеттерден өтуді жоспарлаған азаматтар propusk.kz сайтында өз деректерін көрсетуі керек.
Аталмыш бағыттар бойынша құқық қорғау органдарына, медицина қызметкерлері мен арнайы қызметтерге, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлеріне, жүк машиналарына, транзиттік көлікке, Қарағанды облысына жергілікті тіркеумен келетін адамдарға, емделуге келетін адамдарға рұқсатнамасыз жүріп-тұруға рұқсат етіледі. Вахталық жұмыскерлер мен тұрғылықты жерінен жұмыс орнына дейін және кері қарай жүретіндер өз деректерін propusk.kz сайтында көрсетуі қажет.
Естеріңізге сала кетейік, санитарлық бекеттерде полиция қызметкерлері мен дәрігерлер кезекшілік етеді. Олар жүргізушілер мен жолаушылардың денсаулық жағдайын тексереді. Бақылау барысында термометрия мен сауалнама жүргізіледі.
Азаматтардан қажет болмаған жағдайда көрші облыстарға сапар шекпеуді, бетперде киюді және эпидемияға қарсы барлық шараларды сақтауды сұраймыз.