Қарағанды облысында сайлау барысына кәсіподақтық бақылау орнатылды
ҚР-дағы сайлауды бақылау жөніндегі штабтың алғашқы жиналысы Қарағанды облысының Кәсіподақ орталығында өтті. Сайлау науқанының барысын Қазақстан кәсіподақтар Федерациясынан 30 тәуелсіз байқаушы бақылайтын болады.
2021 жылғы 10 қаңтарда дауыс беру күні еңбек ұжымдарының 1 482 қызметкері Қарағанды облысының қалалары мен аудандарындағы 741 сайлау учаскесінде дауыс беру процесін бақылайтын болады. Бұл туралы бақылаушылар штабының жетекшісі, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Қарағанды облыстық Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Татьяна Шатохина хабарлады.
— Кәсіподақ бақылаушылары жұмысы екі бағытта — ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді бағдарда жүгізіледі. Біріншіден, біз үшін азаматтардың ерік білдіру бостандығы жұмыс берушілер өкілдері тарапынан қандай да бір қысыммен бұзылмауы маңызды. Екіншіден, сайлау өтетін күні облыстың сайлау учаскелерінде процестің ашықтығы мен заңдылығына бақылау жүргізу, — деді Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Қарағанды облыстық ұйымының төрайымы Татьяна Самойлюк.
— Азаматтық қоғамның басты күштерінің бірі ретінде кәсіподақ қозғалысы заңнамаға сәйкес сайлаушылардың конституциялық құқығының іске асырылуын бақылайтын болады, — деп атап өтті YNTYMAQ Қазақстандық салалық орта және шағын бизнес қызметкерлері кәсіподағының облыстық филиалының төрағасы Марат Көккөзов.
Штаб мүшелері бақылаушылар үшін оқытуды онлайн форматта өткізуге келісті. Сайлауды бақылау жөніндегі облыстық кәсіподақ штабының құрамына Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының құрамына кіретін салалық және жергілікті кәсіподақтардың 15 облыстық құрылымының өкілдері кірді.
ortalyq.kz