Қарағанды облысында QR-код арқылы мемлекеттік ұйымдардың бюджеттерін білуге болады

Қарағанды облысында «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы іске асырылуда. Бірыңғай платформада (https://publicbudget.kz) бюджет қаражатының жұмсалуы туралы мәліметтер орналастырылады. Ақпарат нақты уақыт режимінде көрсетіледі. Картаның көмегімен әлеуметтік нысандарға — мектептерге, ауруханаларға, балабақшаларға және т. б. қанша қаражат жұмсалғанын білуге болады.

— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Адалдық алаңы» жобасының аясында «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» платформасы құрылды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысының осы бағыттағы жұмысын атап өтті. Оның ішінде ақпараттық жүйеде ұйымның парақшасына сілтеме жасай отырып, QR-код орналастырылған ғимараттардың қасбеттерінде тақтайшаларды орнатуға оң баға берілді, — деп хабарлады «Сарыарқа — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Малика Күсенбаева.

Қазіргі уақытта картада Қарағанды облысының жалпы сомасы 898,3 млрд. теңгеге 1 331 ұйымының бюджеттері орналастырылған. Мұның бәрі мемлекеттік органдар мен бюджеттік мекемелер.

Жоба ақпаратқа қол жеткізуді жеңілдетеді. Карта — бұл билік пен азаматтық қоғам арасындағы тікелей байланыс арнасы.

Қарағанды облысында мемлекеттік ұйымдар ғимараттарының қасбеттерінде QR-кодтары бар 500-ден астам тақтайшалар орналастырылған. Бұл бастама алғашқы болып Саран қаласына енгізілді. Содан кейін ол басқа аймақтарға таралды.

Малика Күсенбаева онлайн режиміндегі аппараттық кеңесте жобалық кеңсенің қызметі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг туралы айтып берді. «Сарыарқа — адалдық алаңы» жобасы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Мемлекеттік органдар жұмыстың сервистік моделіне көшеді. Бұл мемлекеттік қызметтерді алудың сапасы мен жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында қазірдің өзінде «Ореn әкімдік» 14 сервистік орталығы жұмыс істейді. Ауылдық округтерде 202 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары құрылған. Осы аптада Саран қаласы мен Ақтас кентінде сервистік орталықтар ашу жоспарлануда. Желтоқсан айының соңына дейін тағы үшеуі ашылады: Балқаш, Бұқар Жырау және Қарқаралы аудандарында.