Қарағанды облысында отбасы институтын нығайту және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды
Қарағанды облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен отбасылар мен әйелдердің алдында тұрған мәселелерді талқылау бойынша онлайн-кеңес өтті.
Оған ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы, Парламент Мәжілісінің депутаты Лаззат Рамазанова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов және үкіметтік емес ұйымдардың, құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ қоғамшылдар мен дағдарыс орталықтарының басшылары қатысты.
– «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасы институтын нығайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бүгінгі күні қарастырылуда. Ол отбасыларды өмірлік қиын жағдайдан шығаруға және олардың қауіп-қатер аймағына кіруіне жол бермеуге бағытталған. Бүгін біз қоғамшылдар мен жергілікті атқарушы жүйенің барлық салалары өкілдерінің отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәселелері жөніндегі ұсыныстарын тыңдау үшін кеңес өткіземіз, – деп атап өтті Лаззат Рамазанова.
Қарағанды облысында осы жылдың бірінші жартыжылдығында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстардың өсу көрсеткішінің 20%-ға төмендегені байқалады. Мұндай құқық бұзушылықтарды талдау көбінесе олардың себептері отбасындағы қолайсыз атмосфера, қызғаныш негізіндегі отбасылық жанжалдар, материалдық қиындықтар, дұшпандық қатынастар және алкоголь ішу екенін көрсетті.
Облыс аумағында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық және адам саудасы құрбандарына арналған тоғыз дағдарыс орталығы мен баспаналар жұмыс істейді. Сондай-ақ, өңірде халыққа психологиялық көмек көрсету қызметінің екі орталығы мен олардың сенім телефондарының жұмысы жолға қойылған. Сонымен қатар, Аналар Үйі әйелдерге психологиялық және құқықтық көмек көрсетеді.
Өңір басшысының орынбасары Абзал Нүкенов облыста отбасылық құндылықтар мен гендерлік теңдікті насихаттау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Сонымен қатар, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында тиісті облыстық комиссияның, полиция департаментінің және үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен жұмыс жоспары әзірленді.
– Биыл біз мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс арқылы отбасылық және гендерлік саясатты нығайтуға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған 39 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ балалар мен жастардың құқықтарын қорғау бойынша жұмыс жүргізіледі. Облыста іскер әйелдер қауымдастығы, «Атамекен» ҰКП жанындағы Іскер әйелдер кеңесі, өңір ҚХА жанындағы Аналар Кеңесі сияқты қоғамдық ұйымдар белсенді жұмыс жүргізуде, – деп атап өтті Абзал Нүкенов.
Кеңеске қатысушылар учаскелік полиция қызметкерлерінің өкілеттіктерін кеңейтуді және оларға тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына олардың келісімінсіз қорғау нұсқамаларын жазуға мүмкіндік беруді ұсынды, өйткені зардап шеккендерді агрессорлардан уақтылы қорғау қажет.
Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар отбасылық және гендерлік саясат мәселелерін отбасылық саясатты іске асыруға жауапты мемлекеттік орган орталықтандыруы тиіс деген пікірге келді. Ал өңірлерде отбасы істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдер құру керек. Олардың міндеттеріне жергілікті жерлердегі ахуалды мониторингтеу және отбасы проблемаларын шешу және отбасылық-тұрмыстық жанжалдарды шешу үшін мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру кіреді.
Дереккөз – Қарағанды облысының әкімдігі