Қарағанды облысында оқушылардың республикалық олимпиадасының қалалық және аудандық кезеңдері өтеді

Қарағанды облысында 8-16 ақпан аралығында жалпы білім беретін 16 пән бойынша республикалық олимпиаданың қалалық және аудандық кезеңдері өтеді. Оған өңірдің 4 мыңнан астам оқушысы қатысады.

«Бұл олимпиаданың мектеп кезеңінде бірінші орын алған 9-11 сынып оқушылар арасында өтетін білім сайысы. Әр өңірде зияткерлік жарыстарды өткізу форматы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, онлайн немесе офлайн режимінде анықталады», — деп хабарлады Білім басқармасынан.

Олимпиада жаратылыстану-математикалық бағыттағы алты пән және қоғамдық — гуманитарлық бағыттағы он пән бойынша өткізіледі.

Олимпиаданы өткізудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қатысушылар ZOOM-платформасына қосылатын болады. Тапсырмаларды ҚР БҒМ «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы дайындады.

Олимпиаданы өткізу мәселелері бойынша (8-7212) 42-59-12 телефонына, сондай-ақ орталықтың телеграм-чатына және @saryarkadaryny Instagram парақшасына хабарласуға болады.