Қарағанды облысында оқушыларға арналған ыстық тамақ үшін қаражат бөлінді
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің тапсырмасы бойынша бірінші ақпаннан бастап мектептерде 1-2 сынып оқушылары тегін тамақтандырылатын болады. Сонымен бірге ағымдағы жылы өңірде инклюзивті білімге, кәсіби бағдарлыққа және жаппай білім беруге ерекше көңіл бөлінбек. Осы және басқа да мәселелер облыс әкімдігінде өткен жиналыста талқыға түсті.
— МЖӘ шеңберінде облыстағы 23 мектеп-интернаттардың және облыс орталығындағы бес мектептің асханаларын жаңғырту және іске қосуға бағытталған екі жобаны жүзеге асыру басталады. Ата-аналарға және оқушыларға ыңғайлы болу үшін «Е-Асхана» жобасын енгізу жоспарланып отыр. Ол өз кезегінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға, ал ата-аналарға баласының шығындарын қадағалауға мүмкіндік береді, — деп мәлімдеді облыстық білім басқармасының жетекшісі Гүлсім Қожахметова.
Биылғы жылы Жезқазған қаласының Теректі стансасында және Шет ауданының Киікті ауылында екі мектептің құрылысы аяқталады. Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде және Қарағанды қаласының 11а шағын ауданындағы үш ауысымдық оқуды жою үшін екі мектеп салынады.
— Сәтбаев және Жезқазған қалаларында балабақшалар, Қарағанды және Сәтбаев қалаларында екі Балалар және жасөспірімдер сарайының, Саран және Қаражалда екі спорт залдарының құрылысы аяқталады, — деп қосты баяндамашы.
Инклюзивті білімге ерекше назар аударылмақ. Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалаларында және Шет ауданында 10 инклюзивті топ ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар облыс орталығында тағы бір психолого-медико-педагогикалық кеңес беру және Қарағанды мен Сәтбаевта екі түзету кабинеттері жұмыс істей бастайды.
Оқушылар арасында кәсіби бағдарлыққа тоқталар болсақ, KASIPTEST цифрлық жүйесінің көмегімен сегізінші сыныпта оқитын 18 мың оқушы арасында кәсіби диагностика өткізу жоспарланған. Бұл тест балалардың кәсіби икемділігі мен бейімділігін анықтауға септігін тигізеді.
Ағымдағы жыл аралығында облыста 1500 орынға шақталған 15 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар ашылмақ. Айта кету керек, мектепке дейінгі мекемелердің сапасын енді онлайн бағалауға болады. «Индиго» платформасында кез келген ата-ана тамақтану, педагоктың біліктілігі және т.б. негізгі көрсеткіштер бойынша балабақшаға баға бере алады.
— Пандемия кезінде жақсы білім беру оңай емес, алайда тырысуымыз керек. Президент Педагоктың мәртебесі туралы заң қабылдады. Ол дегеніміз біз оқытушылар құрамына үлкен назар аудару керектігімізді білдіреді. Оларға жұмыс істеу үшін жақсы жағдай жасауымыз қажет. Алайда педагоктар да өз ісінде білікті, кәсіби маман екенін көрсете білуі тиіс. Егер біз қазір балаларымызға жақсы білім бере алмасақ, оларда жарқын болашақ та болмайды, — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.