Қарағанды облысында NEET-жастарды жұмыспен қамту бойынша қандай шаралар қабылдануда?
Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы NEET санатындағы жұмыспен қамтылмаған жастардың деректер базасын құрды. Онда 2 240 адам бар. Олардың барлығы әртүрлі жағдайларға байланысты жұмыс істемейді және оқымайды. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша NEET деңгейі 9,9%-ды құрайды, бұл 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2%-ға төмен.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің платформасында өткен онлайн-брифингте жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов NEET санатындағы жастар санын азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.
– Біз консультативтік және түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, қалалар мен аудандар бөлінісінде NEET жастары туралы алдағы іс-әрекеттер үшін қажеттіліктер мен ұсынымдар егжей-тегжейлі сипатталған талдамалық құжат дайындадық. Бүгінгі күні деректер базасында тіркелген жас азаматтарды жұмысқа орналастыру, оқыту бойынша жұмыс жүргізілуде, – деп атап өтті Біржан Әлімжанов.
Өткен жылы басқарма «Ұйымдастырылмаған жастармен жұмыс істеуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру (NEET үлесі)» жобасын іске асырды. Жоба аясында мыңдаған жұмыссыз жастарға сауалнама жүргізілді, NEET деректер базасында тіркелген жастардың қатысуы қамтамасыз етілген екі онлайн-бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, ұйымдастырылмаған жастар жиналатын орындар бойынша рейдтер, консультативтік және түсіндіру жұмыстары, әлеуметтік желілердегі танымал парақшалардағы мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы семинарлар, әлеуметтік желілерде және жергілікті телеарналарда бейнероликтер әзірленді және көрсетілді.
– Жүргізілген жұмыс нәтижесінде NEET-жастар үлесінің төмендегені байқалады. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша NEET деңгейі 9,9%-ды құрайды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2%-ға төмен. Жастардың жұмыссыздық деңгейі де төмендеді. Тоқсан қорытындысы бойынша ол 4%-ды құрады, – деп атап өтті Біржан Әлімжанов. – Қарағанды облысының көрсеткіштері республика бойынша орташа болып табылады. Біз осы бағытта күшейтілген жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз.
Дереккөз – Қарағанды облысының әкімдігі