Қарағанды облысында мыңнан астам шақырым жол жөнделеді
Қарағанды облысының қалалары мен ауылдарында жолдар ретке келтірілуде. Биыл жөндеу жұмыстары шамамен 1 400 шақырымды қамтыды.
Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
– «Нұрлы жол» және «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламалары аясында 700 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды, сондай-ақ қалалар мен ауылдардың көшелерін жөндеу басталды. Мақсат – 2025 жылға қарай жергілікті жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізу, – деді облыс әкімі. – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауды қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. Барлық нысандарда бақылауды жол активтері сапасының ұлттық орталығы жүзеге асырады. Сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау жүргізіледі.
Өңір басшысының мәліметінше, жалпы биыл облыста 1 335 шақырым автожолды жөндеу жоспарланған. Жол жұмыстарына 5 мыңға жуық адам мен 3 мыңнан астам мамандандырылған техника жұмылдырылады.
Негізгі жоба «Орталық – Оңтүстік» көлік дәлізі болып қала береді. Жыл соңына дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қарағанды – Балқаш және Балқаш – Бурылбайтал автобандарының төрт жолағы бойынша қозғалыс ашуды жоспарлап отыр.
Биыл Жезқазған – Қызылорда автожолын қайта жаңартуды бастау жоспарланып отыр. Ұзындығы 208 шақырым учаскені жаңарту қажет. Бұл үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді.