Қарағанды облысында мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жылумен қамтамасыз ету жақсартылмақ
Жылыту маусымына дайындық барысы Қарағанды облысы басшылығының тұрақты бақылауында. Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек өткен қыста орын алған жайттарды ескеріп, ресурстарды дұрыс бөлуді талап етті.
– Өткен қыс жұмыста іркілістер бар екенін көрсетті. Әсіресе, Қарағандының Октябрь ауданында және Теміртауда. ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жұмысында үлкен мәселелер бар. Жылу желілерінің күйіне қатысты проблемалар да бар. Бұл мәселелерді дер кезінде шешу, жабдықтың сенімділігін арттыру және орын алған қатерлерді жою қажет, – деді облыс әкімі онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте.
Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов өңірдің сегіз жылу электр станциясында 26 қазандық пен 15 турбинаны жөндеу жоспарланғанын хабарлады. Жөндеу науқаны кестеге сәйкес басталды.
Теміртауда ЖЭО-2 қуатын кеңейту үшін жетінші қазандықтың құрылысы маңызды жоба болып қала береді. Қазіргі уақытта жол картасы әзірленді. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы мердігерлерді таңдау үшін жабдықтарды монтаждауға және ғимаратты жөндеуге тендерлер өткізеді. Мамыр айының соңында келісімшарттар жасалады деп күтілуде, содан кейін жұмыс басталуы керек.
Жылу желілерін жаңғырту бойынша бірқатар жобалар іске асырылуда. Облыс орталығында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Оңтүстік-Батыс құрылыс ауданында жылу магистралі қайта жаңғыртылады.
Биыл Қарағандыда үшінші жылу құбырының құрылысы басталады. Жылумен қамту жүйелерін дамыту бағдарламасы бойынша қаражат бөлінді. ЖЭО-3-тен магистральдық жылу желілерінің ұзындығы 22 шақырымды құрайды. Жаңа магистраль Қарағандының жаңа орталығында жылумен қамту тапшылығы мәселесін шешеді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау 2022 жылға жоспарланып отыр.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Жезқазған мен Балқаштағы жылу желілерін қайта жаңарту жүргізіледі.
Шаханда биыл орталық қазандықты іске қосу жоспарлануда. Орамішілік желілердің құрылысы жүріп жатыр. Жоба «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша да қаржыландырылды. Көп қабатты үйлерді орталықтандырылған жылумен қамтуға қосу мәселесі шешілуде.
Саран қаласында орталықтандырылған қазандық құрылысы жалғасуда.
– Өңір әкімдерінің алдында алдағы қысқа сапалы және уақытылы дайындалу міндеті тұр. Кестенің бұзылуына жол бермеңіздер. Жылыту маусымына дайындық барысы тұрақты бақылауда, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.