Қарағанды облысында әлеуметтік тұрғын үй құрылысы ұлғаюда
Қарағанды облысында өткен жылы тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайды. 530 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда көрсеткіштің 26%-ға дерлік өскенін байқатады. Барлық көлемнің үштен бір бөлігі мемлекеттік тұрғын үйге тиесілі. Кезекте тұрған 2 500 адам пәтер алды. Өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша одан да көп әлеуметтік тұрғын үй салынады.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек құрылыс саласын дамыту мәселелері бойынша онлайн-кеңес өткізді. Кездесуге құрылыс компанияларының, құрылыс салушылар қауымдастығының басшылары қатысты.
— Қарағанды өңірі үшін құрылыс саласы өте маңызды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша осы саладағы жұмыс көлемі 6,9% өсіммен 466,3 млрд теңгені құрады. Бұл ретте бюджеттік құрылыстағы жергілікті қамту үлесі 83%-ға жетті. Біз құрылыс индустриясы кәсіпорындарын жақсы жүктей алдық. Осы жылы да өзімізге сондай міндеттемелер аламыз, — деді Жеңіс Қасымбек.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тайхан Қалмаханов құрылыстың 2020 жылғы қорытындылары мен 2021 жылға арналған жоспарлары туралы толығырақ баяндады.
Биыл құрылыс жұмыстарының көлемі 3,2% өсіммен 485,8 млрд теңге деңгейінде жоспарланып отыр, деп хабарлады ол. Тұрғын үй құрылысы бойынша көлемді 700 мың шаршы метрге дейін көтеру мақсаты қойылған.
Жиналыста өзекті мәселелер туралы да айтылды. Облыс орталығында жылу қуатының жетіспеушілігі тұрғын үй құрылысына кедергі келтіреді. Қалаға үшінші жылу құбыры қажет — бұл жобаны іске асыру басталды.
— Әлеуметтік тұрғын үй құрылысы — бірінші міндет. Әлеует зор, — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. — Үшінші жылу құбырының құрылысына биыл республикалық бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінді. Біз үшін бұл аса маңызды жоба. Біз оны біртіндеп жүзеге асырамыз. Жұмысты тездетуге тырысамыз. Бұл тұрғын үй құрылысына үлкен серпін береді.
Коммерциялық тұрғын үй үшін де жағдай жасалатын болады, деп атап өтті аймақ басшысы. Билік құрылыс индустриясын дамытуға одан әрі қолдау көрсетуге уәде беріп отыр.