Қарағанды облысында коронавирусқа қарсы вакцинация қалай жүруде?

Бірінші ақпаннан бастап Қарағанды облысында коронавирусқа қарсы вакцинация басталды. Бүгінгі таңда ресейлік «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентімен 11 207 адам, ал екіншісімен – 5 634 адам егілді.

Қарағанды облысының Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы Бибігүл Төлегенова бұл туралы толығырақ баяндап берді.

— Қазір облыс бойынша қанша вакцинация орталықтары жұмыс істейді?

— Бізде 35 вакцинация орталығы әзірленді, онда 115 егу кабинеті бар. Бір егу кабинетінің өткізу қабілеті – тәулігіне 70-80 адамды құрайды.

Қазір 14 вакцинация орталығы жұмыс істейді, бұл 30 кабинет. Вакцинация Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран, Шахтинск, Балқаш, Жезқазған қалаларында жүргізіледі. Қарқаралы ауданында орталық аудандық аурухана жанынан бір орталық ашылған.

— Екпе алғысы келетіндер аз емес. Вакцина жеткілікті ме?

— Бірінші сәуірде облыс вакцинаның бірінші компонентінің 7 600 дозасын алды. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, біз бірінші кезекте бұл партияны медициналық және әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері мен қонақтарын вакцинациялау үшін жіберуге шешім қабылдадық. Бұл тәуекел топтарының бірі.

Осы аптаның соңына қарай тағы 40 мың дозаны күтеміз. Сәуір айында тағы да жеткізілімдер болады. Бұл Қарағанды фармацевтикалық кешенінде құйылатын «Спутник V» вакцинасы.

Халықты жаппай вакцинациялау сәуір айының ортасында басталады деп үміттенеміз. Біз ірі сауда үйлерінде вакцинация орталықтарын ашуды шештік. Бұл жылжымалы пункттер емес, толыққанды құрылымдар: дәрігерлік және егу кабинеттері, вакцинадан кейінгі бақылау және шұғыл көмек аймақтары болады. Біз оларды стационарлық медициналық тоңазытқыштар және барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етеміз. Қазір бұл орталықтарды санэпидқызметпен келісу кезеңі жүріп жатыр.

— Вакцина алғысы келетіндер қайда баруы керек?

— Тіркелу орны бойынша емханаға жүгіну қажет. Сізді күту тізіміне жазады.

Бөтелкеде бес доза бар, сондықтан бес адамнан тұратын топтар құрылады. Әрбір доза есепте. Егер қандай да бір себептермен тағайындалған күні сіз вакцинацияға келе алмасаңыз, бұл туралы хабарлауыңыз қажет. Сіздің кезегіңіз басқа адамға ауыстырылады.

КВИ вакцинациясы ерікті және тегін. Балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге вакцинация жүргізілмейді. Басқа жас шектеулері жоқ.

— Вакцинаның екінші компонентіне медициналық қарсылық болған жағдайлар кездесті ме?

— Иә, ондай үш оқиға болды. Біз оны пациент екпе алғанға дейін ауырып, созылмалы дерті толығымен жазылмағанымен және ағзасы дайын болмағканымен байланыстырып отырмыз. Мұндай адамдарға емдеуден кейін бірден емес, кем дегенде екі апта күтуге кеңес береміз.

Екінші компонентке медициналық қарсылық алған осы үш адам қазір вакцинация кезеңін аяқтағысы келеді. Уақытша үзіліске қарамастан, оған рұқсат етіледі.

— Көпшілікті толғандыратын тағы бір мәселе. Егер адам КВИ-мен ауырса және антиденелер болса, вакцинациядан өтуі керек пе?

— Бүкіл әлем ғалымдары постковидті синдром туралы айтады. Ауру дененің барлық жүйелеріне әсер етеді. Оңалту кезеңі ұзақ.

Жасанды иммунитеттің болуы азбал. Спутник V вакцинасын жасаушы Гамалея институты иммунитет екі жылға дейін қалыптасады деген мақалаларын жариялады.

Аурудан кейін антиденелердің жоғары титрі болғанына қарамастан, мен екі компонентпен вакцинацияладым. Вакцинациядан кейін және қазір өзімді жақсы сезінемін. Мен ауырып, табиғи иммунитетке ие болған адамдарға вакцинациядан өтуді ұсынамын.

Вакцинация — бұл қажеттілік, өзіңізді және жақындарыңызды қорғаудың, пандемияны тоқтатудың жалғыз тәсілі.