Қарағанды облысында көші-қон заңнамасын сақтау мәселелері талқыланды
Қарағанды облысында көші-қон заңнамасының нормаларын сақтау мәселесі бойынша Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Онлайн-кеңеске өңір басшысы Жеңіс Қасымбек, облыс прокуроры Құсайын Игембаев, Қарағанды облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.
— Көші-қон заңнамасының нормаларын сақтау – маңызды мәселелердің бірі. Көші-қон қызметтерінің жұмысын күшейтіп, шетел азаматтарының өңір аумағында болуының заңдылығына назар аудару қажет, — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Отырысқа қатысушылар заңсыз көші-қон мәселелері бойынша мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылының кешенді жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылдады.
— Сондай-ақ заңсыз көші-қон арналарын, оның ішінде заңсыз еңбек мигранттарын анықтауға бағытталған жедел іс-шараларды ұйымдастыру қажет. Заңды бұзуға жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, тұруға ықтиярхаты бар мигранттардың нақты тұратын мекенжайларын тексеру керек, — деді облыс прокурорының бірінші орынбасары Виталий Шабер.