Қарағанды облысында инвестиция көлемі ұлғайды

Қарағанды облысында инвестиция көлемі 103,4%-ға артты. Өсім құрылыста, ауыл шаруашылығында және басқа да көрсеткіштер бойынша қол жеткізілді. 2021 жылдың қаңтар-қазан айларындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте шығарылды.

– Салалық басқармалардың мәліметтері бойынша, өнеркәсіпте нақты көлем индексі кемінде 98,5%, көлемі 3 трлн 352 млрд теңгені құрайды деп болжануда. Өңдеу өнеркәсібінде өнім өндіру өткен жылғы қаңтар-қазанға қарағанда 99,5% деңгейінде күтілуде. Тау-кен өндіру саласында – 97,5%. 18,9% өсіммен 465,4 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру күтілуде, – деп баяндады экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.

Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артты. Олардың саны 2,8%-ға өсіп, 91 572 бірлікті құрады.

Ішкі тауар айналымы жақсы динамиканы көрсетеді. Ол осы кезеңмен салыстырғанда 103%-ға артып, 2 трлн 72 млрд теңгені құрады.

Мал шаруашылығы есебінен ауыл шаруашылығы саласында да оң көрсеткіштер байқалады. Өнім шығару 405,1 млрд теңге көлемінде күтілуде – өсім 2,1%.

Облыс әкімі ведомстволарға барлық міндеттемелерді орындауға тапсырма берді.

– Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму департаменті, қалалар мен аудандардың әкімдері қосымша шаралар қабылдап, жыл соңына дейін өнеркәсіп өндірісінің оң серпініне қол жеткізуді қамтамасыз етуі, сондай-ақ ішкі және шетелдік инвестицияларды тарту бойынша күш-жігерді жандандыруы қажет, – деді Жеңіс Қасымбек.