Қарағанды облысында инвестиция көлемі артты
Қарағанды облысында жылдың бірінші айында Инвестициялар 42%-ға артты. Өсім құрылыста, сыртқы саудада және басқа да көрсеткіштер бойынша байқалуда.
Қаңтар айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте шығарылды.
— Өнеркәсіптік өнім өндірісі 286,6 млрд теңгені құрады. 42% өсіммен негізгі капиталға 42,2 млрд теңге көлемінде инвестициялар тартылды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 1,3%-ға артып, 6,4 млрд теңгені құрады. 57,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді — 2020 жылдың деңгейіне қарағанда 1,2%-ға артық, — деп баяндады экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.
Есепті деректер бойынша, өңірде көмір өндіру 12,5%-ға артқан. Өңдеу секторында металлургияда — 0,6%-ға, химия өнеркәсібінде — 8,2%-ға, жеңіл өнеркәсіпте — 33%-ға өсу байқалды.
Облыста кәсіпкерлік белсенділік артуда. Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны қаңтар айында 2,8% өсіммен 90,1 мың бірлікті құрады.
Сыртқы саудада да жандану бар. Жалпы, тауар айналымы 324,9 млн АҚШ долларын құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,5%-ға артық. Қаңтар айында Қарағанды облысынан 296,6 млн АҚШ долларына өнім экспортталды.
Ішкі тауар айналымы 146 млрд теңгені құрады.
Ауыл шаруашылығында оң динамика сақталуда. Қаңтар айында 12,1 млрд теңгенің өнімі өндірілді, өсім 2,3%.
— Жыл енді ғана басталды. Бірақ біз болашаққа жол ашамыз. 2021 жылы алдымызға көлемі 6 трлн теңгеден асатын экономиканың 3,4%-ға өсуін қамтамасыз ету міндетін қойдық. 700 млрд теңгеден астам инвестиция жоспарланған. Тұрғын үй құрылысын төрттен бірге арттыруымыз керек, — деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. — Қаңтар айында инвестиция тарту бойынша жақсы көрсеткіштер бар. Биыл бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылады. Жеке инвестициялардың өсуін күтеміз. Барлық мәлімделген міндеттемелерді орындау қажет. Өнеркәсіптің дамуы ерекше бақылауда. Жұмыс орындары мен әлеуметтік атмосфера осыған байланысты.