Қарағанды облысында газ желілері қызмет көрсететін компанияға берілуде
Қарағанды облысында Жезқазған, Теміртау және Қарағандыда 3 мыңға жуық тұтынушы «Сарыарқа» магистральдық газ құбырынан көгілдір отын алады. Салынған газ желілері қызмет көрсететін компанияның сенімді басқаруына өтеді. Осыдан кейін тарифті бекітуге өтінім берілетін болады.
Өңірге жұмыс сапары барысында ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаев газдандыру жөніндегі жобаны іске асыру барысымен танысты.
ТМРК басшысына газ тарату пункттері көрсетілді. Ол газ қазірдің өзінде жеке үйлерге жеткізілген облыс орталығының Михайловка ауданында болып қайтты.
– Әрине, газ болғаны жақсы. Біз отбасымызбен осы үйде 20 жылға жуық тұрамыз, көмірмен жылытамыз. Қыста 5–6 тонна сатып аламыз. Газ тиімдірек болады. Бірақ қазандықты қою үшін үйдің ішіне құбырлар салу – бұл айтарлықтай шығындарды талап етеді. Біз бөліп-бөліп төлейміз деп үміттенеміз, – деді Западный көшесі тұрғындарының бірі, зейнеткер Аман Әбжанов.
Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов Қарағанды, Теміртау және Жезқазғанда алғашқы іске қосу кешендері аяқталғанын хабарлады. Үш қалада 3 мыңға жуық абонент үйлеріне газ желілері тартылды. Екінші кезектің құрылысы жүргізілуде.
Өңірде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қызмет көрсету компаниясы жұмысқа кіріседі. Ол Жезқазған мен Теміртаудағы газ желілерін сенімгерлік басқаруға қабылдады. Қарағандыда тапсыру үрдісі аяқталуда. Компанияның абоненттік бөлімі ашылды, онда газ қосқысы келетіндер техникалық шарттарды ала алады.
– Біз үлкен жұмыс атқарылғанын көріп отырмыз. Бірінші кезең аяқталуға жақын, – деді Асан Дарбаев. – Тамыз айында біздің департаментке тарифті бекітуге өтінім беріледі деп күтеміз. Алдын ала көпшілік тыңдаулар өтеді. Барлық тараптардың мүдделері ескерілетін болады. Қазан айының басына дейін облыс бойынша газдың түпкілікті құны анықталады деп ойлаймын.
Қарағанды облысын газдандыру жобасы 2035 жылға дейін есептелген. Қарағанды бойынша 30 мыңға жуық үйді қамтитын 16 іске қосу кешені жоспарланған. Теміртауда сегіз, Жезқазғанда алты іске қосу кешені қарастырылған. Шахтинск, Жаңаарқа және Осакаров аудандарын газдандыру бойынша жобалар әзірленді. Қаражал, Жәйрем кенті, Бұқар Жырау және Шет аудандары үшін ЖСҚ әзірленуде. Биыл Саран қаласында газ құбырының құрылысы басталады.
Дереккөз – Қарағанды облысының әкімдігі