Қарағанды облысында ет пен сүт өнімдері көбірек өндіріле бастады
Қарағанды облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасын сақтап отыр. Ауыл шаруашылығында жақсы қарқын байқалады, өңірдің фермерлері ет пен сүт өндірісін арттырды.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары онлайн режимінде аппараттық кеңесте талқыланды.
– Ауыл шаруашылығында 2,5% өсіммен 339,4 млрд теңгенің өнімі шығарылады деп күтілуде. Мал шаруашылығында көлем 3,5%-ға, өсімдік шаруашылығы 0,1%-ға ұлғайды. Облыста ірі қара мал саны 605,8 мың басқа, жылқы – 437,4 мың, қой – 825 мың, ешкі – 219,1 мың басқа жетті, – деп хабарлады экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.
Ет өндірісі 3,5%-ға артып, шамамен 105 мың тоннаны, сүт – 411,9 мың тоннаны құрап, 4,1%-ға артты.
Өнеркәсіп өнімі 3 трлн теңгеге өндірілді. Металлургия өнімдерін шығару ұлғайды. Болат өндірісінде көлемі 2 793,9 мың тоннаны құрап, 19,4%-5а, жазық илек – 16,9%-ға (2 202,6 мың тонна), шойын – 15,1%-ға (2 587,6 мың тонна) өсу болжанып отыр.
Облыстың негізгі капиталына инвестициялар бойынша 5,1% өсіммен шамамен 537 млрд теңге игеру күтілуде.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек оң динамиканы сақтау және барлық бағыттар бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша тапсырмалар берді.
– Жалпы, барлық көрсеткіштердің оң динамикасы бар. Инвестициялар бойынша жақсы қарқын байқалуда. Жалпы соманың 90%-ын жеке инвестициялар құрайды. Бұл қолайлы инвестициялық климаттың барын көрсетеді, инвесторлар аймаққа сенеді және келеді. Ауыл шаруашылығында мал шаруашылығында да, өсімдік шаруашылығында да жақсы нәтижелер бар, – деп атап өтті өңір басшысы.
Қарағанды облысында 2021 жылға экономика өсімі 3,4% құрайды деп жоспарланған.