Қарағанды облысында егіс жұмыстарын мамыр айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда
Қарағанды облысында көктемгі дала жұмыстары жүріп жатыр. Биыл жаздық егіс 1057,7 мың гектарды құрайды, астық алқаптары 40 мың гектарға ұлғайды.
Егіс жұмыстарының барысымен облыс әкімі Жеңіс Қасымбек танысты. Жұмыс сапары барысында ол аймақтың басты егіс алқаптары – Абай, Бұқар жырау, Осакаров және Нұра аудандарының шаруашылықтарын аралады.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, көктемгі егіс кесте бойынша жүргізілуде. Жұмысты мамыр айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Бүгінгі таңда алқаптардың жартысына жуығына дәнді және майлы дақылдар егілген. Картоп пен көкөністерді отырғызу да жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Егістіктерде 9 500-ден астам трактор, 229 егіс кешені және 5 556 тұқым сепкіш жұмыс істейді. Фермерлер арзандатылған дизель отынын алды. Көктемгі дала жұмыстарына, сапалы тұқымдар мен минералды тыңайтқыштар сатып алуға субсидиялар қарастырылған.
Абай ауданында 736 шаруа және фермер қожалықтары жұмыс істейді. Облыс әкімі ұсақ өндірушілерді біріктірген «Жанат» кооперативінің жұмысымен танысты. Ынтымақтастықтың арқасында олар жаңа жабдықтар сатып алып, екі картоп қоймасын салды, ал биыл оларда астық қоймасы пайда болады.
Жеңіс Қасымбек ауданның ірі шаруашылықтары – «Шанс» және «Астра-Агро ЛТД»-да болды. Кәсіпорындар өсімдік шаруашылығын дамыту бойынша ғана емес, мал шаруашылығында да жаңа жобаларды кеңейтіп, іске асыруда. Екі шаруашылық та сүт фермаларын салуда.
– Біз ғимарат салдық. Қазір мал сатып алу сатысындамыз. Оны Еуропадан әкелеміз. Ірі қара малды байлаусыз ұстайтын сүт бағытындағы мал шаруашылығы кешенін жыл соңына дейін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ол 500 бастан құралады. Сиырларды саууды «шырша» технологиясы бойынша ұйымдастырамыз, – деді «Астра-Агро ЛТД» директоры Амангелді Мұқашев.
Облыс әкімі Бұқар Жырау ауданында тек егіс науқанының барысымен ғана танысып қойған жоқ. Ол ең ірі элиталық тұқым шаруашылығы – А. Ф. Христенко атындағы Қарағанды ауылшаруашылық техникумында болды. Кәсіпорын жергілікті селекциялы бидай сорттарын өсіреді және биотехнология саласында ғылыми зерттеулер мен эксперименттік әзірлемелер жүргізеді.
Жеңіс Қасымбекті еліміздегі тозған жайылымдарды қалпына келтіру жөніндегі алғашқы пилоттық жобаның дамуы да қызықтырды. Өткен жылы Бұқар Жырау ауданында оны іске асыру облыстық бюджет есебінен басталды. Жерлерін мал таптап тастаған төрт ауылдың маңында егін егіп, көп жылдық шөптер – еркекшөп және эспарцет егілді. Жақын арада жаңартылған жайылымдарға малды қайта шығаруға болады. Бұл ауыл тұрғындарының көпжылдық мәселесін шешеді.
Осакаров және Нұра аудандарында да егіс науқаны қызу жүріп жатыр. Облыс басшысы тәжірибесі мол шаруашылықтарды аралады. Мысалы, Осакаров ауданының Шұңқыркөл ауылында «Құндызды Агро» ЖШС бар болғаны екінші жыл жұмыс істейді. Бүгінде ол 12 800 га жерге қызмет көрсетеді, өсімдік және мал шаруашылығымен айналысады. 50 жұмыс орны құрылды. Кәсіпорын суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша жобаны іске асырады және дамытуға инвестиция салады.
Нұра ауданында өткен жылы құрылған «Қарой» ЖШС-нің 13,4 мың га ауыл шаруашылығы алқаптары бар. Жас шаруашылық алаңның үштен бір бөлігін егуді жоспарлап отыр, ал қалған жерлер жайылым мен шабындық үшін бөлінген. Кәсіпорын сүт, қымыз, қой еті мен жылқы етін өндіреді.
Нұра ауданының Ахмет ауылында Жеңіс Қасымбек құс фермасын құру бойынша «Қоғабаев» ШҚ жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Оның қуаттылығы жылына 100 тоннаға дейін тауық етін, 350–400 мың дана жұмыртқаны құрайды.