Қарағанды облысында ең ескі ЖЭО жаңғыртылады

Қарағанды облысындағы ең ескі жылу-электр орталықтарының бірі – Балқаш ЖЭО қуаты кеңеюде. Бұл қала халқын үздіксіз сапалы жылумен қамтамасыз етуге және орталық жылуға жаңа нысандарды қосуға мүмкіндік береді.

Балқаш қаласына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек ЖЭО-ның жұмысын тексеріп, жолдарды жөндеу барысымен және тұрғын үй құрылысымен танысты.

Биыл ЖЭО кеңейту жұмыстары басталды. Барлық экономикалық және экологиялық талаптарға сай келетін жаңа, бесінші қазандық орнатылады.

– ЖЭО-да Таганрог қазандық жасау зауытының қазандық агрегатын орнатамыз. Бұл бізге тұтынушыларды қосымша жылумен, сондай-ақ станцияның сенімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді «Kazakhmys Energy» ЖШС БЖЭО операциялық директоры Валерий Истомин.

Биыл Қоңырат шағын ауданын орталық жылумен қамту мәселесі шешілді. Жаңа жылу орталығының арқасында шағын ауданды одан әрі кеңейту мүмкіндігі пайда болды.

Қалада М1 және М2 магистральдық жылу желілерін ауқымды қайта құру жүріп жатыр. 60-жылдары салынған 5 шақырым құбыр ауыстырылады, қазір құбырларды бөлшектеу аяқталды, 450 м жылу желілері ауыстырылды. Жоба екі жылға есептелген. Ол аяқталғаннан кейін балқаштықтар сапалы жылу алады және ыстық сумен проблемалар туындамайды.

Облыс әкіміне жолдарды жөндеу туралы да баяндалды.

– Биыл ұзындығы 7,6 шақырым сегіз көшенің автожолдарын орташа жөндеу және ұзындығы 1 шақырым екі жаңа жолдың құрылысы жүргізілуде, — дейді Балқаш қаласының ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қабидолла Ескендір. – Сәтбаев пен Иванов көшелерінде ешқашан жол болған емес. Біз мұнда асфальттау жұмыстарын жүргіздік, тротуарларды жабдықтадық, жарықтандыруды қостық. Сәтбаев көшесінде көгалдандыру жұмыстары атқарылды.

Абаттандыру кезінде әр аулада балалар алаңы орнатылады.

Қазір төрт аула аумағында жұмыс жүріп жатыр.

Тәуелсіздік алаңында гүлзарды қайта құру жүріп жатыр. Балқаштықтар жаңартылған аумақты келесі жылы бағалай алады.

Балқаш қаласының тұрғын үй құрылысында да оң өзгерістер байқалады.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында пәтерлердің құрылысы жүріп жатыр. Биыл 18 мың шаршы метр пайдалануға беріледі. 130 адам баспаналы болады.

Жеңіс Қасымбек 9-шы шағын аудандағы танхаустың, көппәтерлі тұрғын үйдің құрылыс алаңына барды. Биыл тоғыз көпбалалы отбасы жаңа баспанаға ие болады.