Қарағанды облысында еңбек тәуекелдерінің картасы әзірленді
Қарағанды облысының еңбек ұжымдарындағы жағдай тұрақты бақылауда. Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіледі. Жалақы, зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды төлеу қадағаланады.
Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері жайлы еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ирина Любарская онлайн режиміндегі аппараттық кеңесте мәлімдеді.
Ол облыста еңбек тәуекелдерінің картасы әзірленгенін хабарлады. Ведомствода кез келген бұзушылық фактілері бойынша жүгінуге болатын жедел желі жұмыс істейді (8-7212) 43-20-84.
— 11 айда азаматтардың 3 460 өтініші қаралып, жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын бұзу фактілері анықталды. 663 тексеру жүргізілді. Барлық анықталған бұзушылықтар жойылды. Кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды — айыппұлдардың жалпы сомасы 10,5 млн теңгені құрады, — деп хабарлады Ирина Любарская.
Ол еңбек инспекциясы кәсіподақтармен тығыз байланыста екенін атап өтті.
Өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттарды облыстың 149 ірі кәсіпорны енгізді. Бес кәсіпорын Vision Zero бағдарламасына, отыз кәсіпорын «Халықтық бақылау» жобасына қатысады. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 1 128 өндірістік кеңес жұмыс істейді. Еңбек жағдайларын бағалау үшін өндірістік нысандарды аттестаттау жүргізіледі.