Қарағанды облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы қорытындыланды

Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық жылының қорытындысы Қарағанды облысында шығарылды. Облыстық ҚХА Кеңесінің отырысында бірегей қоғамдық институттың жетістіктері мен маңызды жобалары туралы айтылды. Кездесу Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында өтті.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек келе жатқан мерекемен құттықтады.

— Тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президент – Елбасының басшылығымен Қазақстан маңызды биіктерге жетті. Қазіргі қуатты мемлекет құрылды. Елбасы саясатының маңызды нәтижелерінің бірі этносаралық келісімнің жоғары деңгейі болды. Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттық саясаттың өзегі болып табылады. Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс — қимыл кезеңі» атты Жолдауын іске асыруды жалғастырамыз, онда біздің өміріміздің барлық салаларын реформалаудың ауқымды бағдарламасы белгіленген, — деді өңір басшысы.

Қарағанды облысы – Қазақстанның көпұлтты өңірлерінің бірі. Мұнда жүзден астам этностар тұрады, 70-тен астам этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді. Облыстық ҚХА-да ғылыми-сараптамалық топ, аналар кеңесі және басқа да қоғамдық құрылымдар жұмыс істейді.

— Облыстық ҚХА-да мыңдаған игі істер мен қызықты бастамалар, әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды, — деп атап өтті «Еврей мәдениетінің қарағандылық орталығы» ҚБ төрағасы Вилен Молотов-Лучанский.

Облыстық ҚХА «Мың бала», «Қазақтану», «Болашақ үшін естелік» және т.б. мәдени-ағартушылық және қоғамдық-саяси жобаларды жүзеге асыруда. Этномәдени бірлестіктер «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға өз үлестерін қосуда және қайырымдылық акцияларына қатысуда.

ҚХА белсенділері мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері ұлтаралық бірлік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін марапатталды. Жеңіс Қасымбек Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Рымбала Омарбековаға, аналар кеңесінің құрметті төраайымы Салима Нұрмағамбетоваға, «Дакия» румын мәдени қоғамы» ҚБ төрағасы Николай Плушкиске «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерейтойлық медальдарын және «Polonia Қарағанды облыстық поляк қоғамы ҚБ төрағасы Виталий Хмелевскийге ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған медальді табыс етті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.