Қарағанды облысында Абай ескерткіші ашылды
Қарағанды облысында Ұлы ақын және ойшыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған бірқатар іс-шаралар жалғасуда. Абай ескерткіші аттас қалада ашылды. Қоладан құйылған биіктігі он метрге жуық ескерткіш мәдениет үйінің алдындағы алаңға орнатылды.
Жоба авторы — Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Бейбіт Мұстафин. Мүсінші ақынды толық бойына сай, қолында кітап және қашықтыққа қарап тұрған күйінде бейнелеген. Оның ойынша, монумент Абай Құнанбаевтың халық ағартушылығына қосқан зор үлесін ерекше атап өтуге арналған. Эскиз конкурстық негізде іріктеліп алынды және ескерткіштер мен құрылыстар жөніндегі республикалық мемлекеттік комиссиямен бекітілді.
Ескерткішті құюға 5,6 тонна қола жұмсалды. Бұл фигураны Қазақстан Суретшілер одағының облыстық филиалының комбинатында жасады.
Қарағанды облысында бұл Абайдың сегізінші ескерткіші. Алғашқы мүсіндер 50 жыл бұрын пайда болды.
— Биыл еліміз Ұлы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын атап өтуде. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл ұлттың рухани дамуына және халықтың бірлігіне ықпал етеді. Біздің облыста мерейтойлық датаға арналған жүздеген іс-шаралар өтті. Бүгін біз қазақ халқының данышпан ұлына тағы да құрмет көрсетудеміз, — деді өңір басшысы Жеңіс Қасымбек Абай қаласында ескерткіштің ашылу салтанатында. — Біз бәріміз Абайдың шығармашылығына және дана қара сөздерінде сүйене отырып оқыдық. Оның өсиеттері бүгінгі күнге дейін өзекті. Біздің міндетіміз — осы байлықты сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу.
Ескерткіштің ашылу салтанатына қала тұрғындары мен қонақтар-ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, абайтанушылар қатысты.
— Абай — ұлтымыздың болашаққа деген ұлы жолы, руханиятымыздың алтын діңгегі. Қазақ халқының барлық ұлы қасиеттері Абайдың мұрасында, оның дана ойларында жатыр. Интеллектуалды және білімді ұлтты қалыптастыру, сананы жаңғырту – мұның бәрі Абайдың рухани мұрасының қазынасын білуге мүмкіндік береді. Оның даналығы әрбір адамның жүрегіне мейірімділік ұялатады, — деп атап өтті ҚР еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев.
Аудандық мәдениет үйінің алаңы көркейе түсті. Аумақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша абаттандырылды. Субұрқақтар, ротундар және МҮ қасбеті жөнделді. Қырлы тас ауыстырып, заманауи шамдар, орындықтар, қоқыс жәшіктері орнатылды.
Бұл күні Абайда жергілікті ақындардың «Абай жаққан бір сәуле…» атты жинағының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ, Мұхтар Әуезовтің әлемнің 18 тіліндегі «Абай жолы» роман-эпопеясының дискілі жинағы ұсынылды. Кітаптарды цифрлау Шахтинск қаласының орталық кітапханасымен бірлесіп жүргізілді.
Қарағанды облысында Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай көрмелер, мәнерлеп оқу байқаулары, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, челлендждер және басқа да іс-шаралар өткізілді. Мерейтойға орайластырылған спектакльдерді қазақ және орыс драма театрлары қойды.
Облыста қала, 77 көше және 12 мекеме Абай есімімен аталады. Қарағандыда биыл қала орталығындағы көшелердің біріне Абай есімі берілді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.