Қарағанды облысында 778 сайлау учаскесінде сайлау өтіп жатыр

Қарағанды облысында таңғы жетіде сайлау учаскелері ашылды. Өңірде олардың саны 778 құрайды. Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы бойынша дауыс беру басталды.

920,4 мың сайлаушы өздерінің конституциялық құқығын жүзеге асыра алады, оның ішінде 18 жастағы адамдар саны — 14 583. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалған. Олар сайлау учаскесіне келу үшін инватакси қызметін пайдалана алады.

Алғашқылардың бірі болып Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында орналасқан №17 сайлау учаскесіне Денсаулық сақтау қызметкері Назар Тнімов келді.
— Менің ойымша, дауыс беру — әрбір азаматтың борышы. Біз адамдар өз тағдырын өздері таңдауы тиіс деген жалпы әлемдік тәжірибені көріп отырмыз. Учаскеде ұйымдастыру деңгейі жақсы. Барлығы орынша, санитарлық қауіпсіздік талаптары сақталған, — деп атап өтті сайлаушы.

Сайлау учаскелері карантиндік талаптарды ескере отырып дайындалған. Міндетті түрде маскалар, қолғаптар және антисептиктер пайдаланылады. Дауыс беру пункттерінің кіреберісінде кілем жолдарының орнына дезинфекциялық кілемшелер төселді. Әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін еденге белгі қойылады.

Кіреберісте медицина қызметкерлері мен еріктілер сайлаушылардың температурасын өлшейді. Егер ол жоғарыласа, онда адамды дәрігер қарауы үшін немесе жедел жәрдемнің келуін күту үшін бөлек бөлмеге оқшаулайды. Жазбаша өтініш бойынша сайлау комиссиясының мүшелері ол жерге тасымалданатын жәшікті жеткізеді.

Дауыс беру бөлмелері белгіленген мерзімде желдетіліп отырады. Сондай-ақ санитарлық өңдеу қарастырылған.

Облыстағы үш аймақ эпидқадағалау бойынша «сары аймаққа» кірді. Бұл Шахтинск, Абай және Осакаров аудандары. Мұнда сайлау комиссияларының барлық мүшелері, сенімді тұлғалар мен сайлаушылар ПТР-тестілеуден өтті.

Қарағанды облысында бес партиядан 706 кандидат тіркелген: Nur Otan — 520; «Ауыл» — 47; «Ақ жол» — 69; Қазақстанның Халық партиясы — 21; ADAL-49.