Қарағанды облысында 7 айда 270 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынды

Қарағанды облысында тұрғын үй құрылысының өсуі жалғасуда. Жеті айдың қорытындысы бойынша көлем 14,4%-ға артты. Өңірдің қаңтар-шілде айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала нәтижелері онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте талқыланды.

– Өнеркәсіп өнімдерін өндіру 2,3 трлн теңге көлемінде күтілуде. Облыстың негізгі капиталына инвестициялар 5% өсіммен 408,9 млрд теңге сомасында болжануда. Құрылыс жұмыстарының көлемі шамамен 195 млрд теңгені құрап, 3,2%-ға артты. Тұрғын үй бойынша 271,5 мың шаршы метр нәтиже күтілуде, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 14,4%-ға артық, – деп баяндады экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.

Оның айтуынша, облыста металлургияда өсім байқалады. Жедел деректер бойынша, болат өндіру 23,6%-ға, жазық илек өндіру – 20%-ға, шойын өндіру – 17,4%-ға ұлғайды.

Ішкі тауар айналымы 3% өсіммен 1,2 трлн теңге сомасында күтілуде. Сыртқы саудада да оң динамика байқалады. Облыстан тауарлар экспорты 35,5%-ға артып, көлемі 2 578,2 млн АҚШ долларын құрады.

– Жалпы, жеті айдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының оң динамикасы байқалады. Тұрғын үй құрылысы бойынша жақсы қарқын көріп отырмыз. Жыл соңына дейін тұрғын үй құрылысы көлемінің төрттен бір бөлігіне ұлғаюын күтеміз және кезекте тұрғандар алдында міндеттемелерді орындай аламыз. Инвестициялар тарту бойынша өсім бар, бұл ретте көлемнің 80%-дан астамы – бұл жеке инвестициялар. Даму қарқынын төмендетпеу және барлық белгіленген көрсеткіштерді орындау қажет, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Қарағанды облысында 2021 жылға 6 090 млрд теңге көлемімен 3,4%-ға экономика өсімі жоспарланған.

Дереккөз – Қарағанды облысының әкімдігі @ Көшіру кезінде дереккөз сілтемесін пайдаланыңыз.