Қарағанды облысында 2021 жылы қалалық және ауылдық мектептерді жаңғырту басталады
Қарағанды облысының білім беру жүйесін дамыту туралы ведомство басшысы Гүлсім Қожахметова онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте баяндады.
— Білім беру жүйесін дамытудың басым мәселелерінің бірі қолжетімділікті қамтамасыз ету және қолайлы жағдай жасау болып табылады. Биыл апатты мектептердің орнына салынып жатқанШет ауданы Киікті ауылындағы, Жезқазған қаласы Теректі станциясындағы мектептердің құрылысы аяқталады. Үш ауысымды оқытуды жою үшін Қарағандыдағы Майқұдық және Жаңаарқа ауылдарындағы мектептер пайдалануға беріледі. 2021 жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін тағы сегіз білім беру нысанының, оның ішінде Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында екі балабақша, Қарқаралыда жатақхана, Қарағандыда лицей-интернатқа жапсарлас құрылыс салынуда, — деп хабарлады Гүлсім Қожахметова.
Оның айтуынша, биыл 104 білім беру нысанын жөндеу жоспарланған.
Басқарма басшысы шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда 2021-2025 жылдарға арналған мектептерді жаңғырту жоспарлары туралы айтып берді. Барлығы 301 мектепті қамту көзделіп отыр, оның 296-сы ауылдық мектептер.
— Биыл 61 мектепті жаңғырту басталады. Оның 16-сында күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Жөндеу жұмыстарынан басқа, абаттандыру, қазандықтарды шығару қарастырылған, — деп түсіндірді баяндамашы.
25 мектепте кітапханалар жаңартылады. Алтауында асханаларды жаңғырту жоспарланған. Сондай-ақ, қаражат мектеп жиһаздарын жаңартуға, пәндік кабинеттерді, бейнебақылау жүйелерін сатып алуға бөлінді.
Гүлсім Қожахметова мектепке дейінгі білім беруді дамыту туралы да хабарлады. Оның мәліметінше, жыл бойы облыстың қалалары мен аудандарында 15 жекеменшік балабақша ашылады. Тағы екеуі Абай мен Жаңаарқа ауданында жұмыс істей бастады.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек алған міндеттемелерді орындау және сапалы білім беруді қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.