Қарағанды облысында 2021 жылға экономиканың үш пайыздық өсімі жоспарланған
Қарағанды облысында 2021 жылға экономика өсімін кемінде 3,4%-ға қамтамасыз ету міндеті қойылған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 6,1 трлн теңгеге жетуі тиіс. Болжам бойынша, инвестициялар 700 млрд теңгеден асады.
Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында және реформалар жөніндегі жоғары кеңесте берген тапсырмалары өңірде қалай орындалатыны туралы онлайн режиміндегі аппараттық кеңесте айтылды.
— Өткен жылғы жұмыстар қалыптасқан жағдайларды ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтылығын сақтауға бағытталған болатын. Ағымдағы жыл шектеу шараларының әсерін сақтауды ескере отырып, экономикалық өсімді қалпына келтіруге бағытталып отыр, — деді Экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов. — Өнеркәсіпте биыл 2020 жылғы 3,3% өсімді ескере отырып, кемінде 3 трлн теңге көлемінде өндірісті қамтамасыз ету қажет. Маңызды факторлар — жүйе құраушы кәсіпорындардың тұрақты жұмысы, шамамен 715 млрд теңге көлемінде инвестициялар тарту және 3%-ға өсу.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 6,5% өсіммен 429 млрд теңгеге жоспарланып отыр. Агроөнеркәсіптік кешенде 1 459 жұмыс орнын құрумен 36 инвестициялық жобаны іске асыру белгіленген.
Көлікте жыл қорытындысы бойынша 1,8%-ға өсу болжанып отыр.
Басқарма басшысының айтуынша, Мемлекет Басшысының тапсырмаларын орындау үшін облыста жедел әрекет ету және тұрақты әлеуметтік-экономикалық жағдайды сақтау бойынша дағдарысқа қарсы жоспар өзектендіріледі.
Кәсіпкерлікті қолдау жалғасады. «Бастау Бизнес» курстарында 2021 жылы 1 500 адамды оқыту жоспарлануда. 2500-ден астам жұмыс орнын құрумен 2 мыңнан астам жобаны іске асыруға қаражат қарастырылған.
«Еңбек» және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары бойынша қарастырылған шаралармен 36,5 мың адамды қамту жоспарлануда.
Аппараттық кеңесте әр саланың дамуына тоқталды. Экологиялық жағдайды жақсарту, цифрлық қызметтерді одан әрі енгізу мәселелері талқыланды. Әр бағыт бойынша облыс әкімі тапсырма берді.
— Міндеттер көп: жұмыс көлемі айтарлықтай. Біз Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын сапалы іске асыру үшін жүйелі модель құруымыз керек, — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.