Қарағанды облысы жылыту маусымына 90% дайын
Қарағанды облысының қалалары мен аудандарының алдағы жылыту маусымына дайындық деңгейі 90%-ды құрайды. Барлығы 6 925 көп қабатты тұрғын үй мен 1 350 әлеуметтік нысанды жылу жүйесіне қосу қажет.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен онлайн-форматта өткен аппараттық кеңесте өңірдің қысқы кезеңге дайындығы туралы айтылды.
Бүгінде өңірдің барлық станцияларында негізгі және қосалқы жабдықтарда жоспарлы күрделі жөндеу жалғасуда. Энергокешендерді, әлеуметтік нысандар мен ТКШ нысандарын дайындау бекітілген жоспар бойынша жүргізілуде.
– Сегіз энергия көздерінде 26 қазандық пен 15 турбинаны жөндеу көзделген. 72 қазандық, 693 автономды жылыту жүйесі, 115 шақырым жылу желісі, 3 300 шақырым электр желісі, 310 шақырым су құбыры және кәріз желілерін дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде. 10 қазандық пен 6 турбинада жұмыстар аяқталды. 13 қазандық пен тағы 6 турбина жөнделіп жатыр, – деді Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.
Барлық станциялар көмір жеткізу бойынша келісім-шарт жасады. Отын көмір қоймаларына түсіріліп жатыр. Қажетті қор бар. Алдағы күзгі-қысқы кезеңге шамамен 4 млн тонна көмір дайындалады.
Өңір басшысы бюджеттік ұйымдарға, бірінші кезекте білім беру ұйымдары мен медициналық мекемелерге көмірді уақтылы жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Билік өкілдері қарағандылықтарды қазірден бастап отын қамын ойластырып қоюға шақырады.
Облыстың қалалары мен аудандарының әкімдері алдағы жылыту маусымына дайындықты тұрақты бақылауда ұстайды.
– Жылыту маусымының басталуына аз ғана уақыт қалды. Жоспарланғанның бәрін уақытында аяқтау керек, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. – Барлық әкімдер мен облыстық басқармалардың басшылары тіршілікті қамтамасыз ету нысандарындағы жөндеу жұмыстарын аяқтауы тиіс.