Қарағанды облысы әкімінің гранттарына жастардан өтінімдер қабылдау қыркүйек айында басталады
Биыл Қарағанды облысы әкімінің жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға арналған гранттарына 100 миллион теңге бөлінді. Бір грант — миллион теңге. Байқауға қатысуға өтінімдер қыркүйек айында қабылданады.
«Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға жас кәсіпкерлерге гранттар беру» жобасын Облыстың жастар саясаты басқармасы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп жүргізеді. Жобалық басқарудың мақсаты – Қарағанды облысында жастар кәсіпкерлігін дамыту және қолдау болып табылады.
Бір ай ішінде құжаттарды жинап, мамандардан кеңес алуға болады. Әрі қарай барлық бизнес-идеяларды арнайы комиссия қарастырады. Байқауға 18–28 жас аралығындағы қарағандылықтар қатыса алады.
– Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр, – дейді Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов. – Біз гранттарды бөлу тетігіне түзетулер енгізгіміз келеді. Гранттарды тек жаңа стартаптарға ғана емес, қолданыстағы бизнесті қолдауға да бөлуді жоспарлап отырмыз. Статистика көрсеткендей, барлық жас кәсіпкерлер ісін сәтті жүргізе бермейді. Сондықтан қазірдің өзінде жұмыс істейтіндерге қандай да бір жетістіктерге қол жеткізуге көмектесу маңызды. Сондай-ақ, 7–8 басым бағытты анықтағымыз келеді. Олардың ішінде IT, қалдықтарды кәдеге жарату, мал шаруашылығы, қызметтер және т. б.
Грант алу шарттарының бірі жұмыс орындарын құру болып табылады. Яғни, жұмыссыздардың арасынан немесе NEET тізімінен жастарды жұмысқа орналастыру. Грант алушы бұл міндетті қаражат бөлінген сәттен бастап бір жыл ішінде орындауы қажет. Бұдан басқа, грант жобаның бизнес-жоспарында көрсетілген мақсаттарға ғана пайдаланылуы тиіс.
Өткен жылы 800-ден астам өтініш келіп түсті. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша 100 қарағандылық грант алды.
– Кейде саны бар, сапасы жоқ жобалар кездеседі, – дейді Біржан Әлімжанов. – Көптеген жобалар қаржылық жағынан да, экономикалық жағынан да пысықталмаған болады. Жобаны іске асыруға миллион теңге бөлінетінін түсіну керек. Бұл ақша өршіл жоспарларға жетпейді. Одан да назарды аз бюджетті жобаларға аударған жөн. Мысалы, бұл қоғамдық тамақтандыру, қосымша білім беру саласындағы қызметтер. Соңғы сала басымдыққа ие, өйткені биыл жан басына қаржыландыру енгізілді. Бұл дегеніміз баланың белгілі бір бөлімде оқуы үшін ақының бір бөлігін мемлекет төлейтін жоба. Сонымен, ісін жаңа бастаушы кәсіпкерге қосымша қолдау көрсетіледі.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы жастар кәсіпкерлігін дамыту және қолдау гранттарының бюджеті 100 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.
Толығырақ ақпаратты Облыстың жастар саясаты басқармасынан мына мекенжай бойынша алуға болады: Қарағанды қаласы, Әлиханов көшесі, 4 (110, 112-кабинеттер); 8-701-122-24-63.