Қарағанды медицина университетінде коронавирусқа қарсы вакцинация орталығы ашылды

МСАК ҚО қолдауымен Қарағанды медициналық университетінде оқытушыларға, қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелеріне арналған вакцинация орталығы жұмыс істей бастады. Орталықты ашу идеясы университет басшылығына тиесілі.

«Спутник-V» векторлық вакцинасының бірінші компонентін 50 қызметкер алды.

— Вакцинация — жұқпалы аурулардың, соның ішінде COVID-19 алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі, — деп түсіндірді медицина ғылымдарының докторы, профессор, университеттің клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры Бақыт Көшерова. — Вакцинаның арқасында адамда иммунитет нығаяды, коронавирусқа қарсы иммунитет пайда болады немесе ауруды жеңіл түрде өткереді. Сонымен қатар, вакцинация аурудың ауыр түрлері мен асқынулардың алдын алуға көмектеседі.

Медицина университеті де вакцинацияға арналған пилоттық бастама жобасын іске қосты. Жұмыс SARS-CoV-2 вирусын иммунологиялық және молекулалық-генетикалық зерттеуге бағытталған. Университет қызметкерлері «Спутник-V» вакцинасының иммуногенділігін пациенттердің шағын үлгісінде қарастыруға ниетті.

— Жобаға қатысуға 60-қа жуық адам тартылады. Олар жобаға қатысу үшін ақпараттандырылған келісімге қол қояды және шарттарды нақты ұстанады. Қан алуға үш рет келу керек: вакцинаның бірінші компонентін енгізер алдында, содан кейін екіншісін алар алдында және екі дозаны алғаннан кейін 21 күн өткен соң. Зерттеу вакцина векторларына антиденелердің деңгейін, сондай-ақ биомаркерлердің деңгейін көрсетеді, — деді жоба жетекшісі Ирина Қадырова.