Қарағанды – Балқаш автожолының төрт жолағы 2021 жылы ашылады
Автоәуесқойларды Балқаш трассасын қайта құру қашан аяқталатыны және жайлы жүруге болатындығы толғандырады. Жол құрылысы мамандары осы жылдың соңына қарай төрт жолақты автобанмен қозғалыс ашуға уәде береді.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Балқашқа жұмыс сапары барысында Қарағанды – Балқаш және Балқаш – Бурылбайтал учаскелеріндегі жол жұмыстарының барысымен танысты.
– Қарағанды-Балқаш автожолының бойында осы жылы төрт жолақпен жүруді жоспарлап отырмыз. Бурылбайтал жағына бір учаске бар, ол бойынша қазір жосықсыз мердігермен жұмыс істеп жатырмыз және олармен шартты бұздық. Қазір жобаны уақытылы аяқтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын жаңа компания пайда болды, – деді «Қазавтожол» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Асқар Мұратұлы.
Оның айтуынша, Қарағанды – Балқаш автожолында жөндеу жұмыстары жартылай жүргізілген. Балқаш-Бурылбайтал учаскесінде 45% жұмыс орындалды.
Жол жұмыстары үшін Балқаш тас жолында тек қала маңында ғана емес, Қарағанды, Шет аудандарында да сегіз құрылыс базасы ашылған. 10 ұсақтау-сұрыптау кешені, тоғыз асфальт-бетон зауыты іске қосылды. Сапаны тексеру үшін алты сертификатталған жол зертханасы жұмылдырылды.
Туристік аймақ үшін сапалы көлік инфрақұрылымы маңызды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының м.а. Саят Шайминнің айтуынша, Балқашта облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарды ретке келтіруді жалғастырады.
Ақтоғай – Балқаш автожолын, Тасарал ауылына кіреберісті, Балқаш және Ақтоғай аудандарындағы 16 көшені жөндеу жоспарланған. Балқашта жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі биыл 76%-ға дейін жеткізілуі тиіс.
Жұмыс сапары барысында Жеңіс Қасымбек Балқаштағы вакциналау пункттерінің бірін аралап көрді. 8 мың адам коронавирусқа қарсы екпе алды.
Сондай-ақ, облыс басшысы күн электр станциясының құрылыс алаңында болды. «KAZ GREEN ENERGY» ЖШС 100 МВт күн панельдерін орнатады. Іске қосу екі кезеңде жоспарланған – әрқайсысы 50 МВт. Алғашқы күн батареялары осы жылдың жазының аяғында энергия өндіруді бастайды.