Қар қыспағынан құтқарылды

Қанша жерден наурыз айын көктем айы дегенмен, таулы өңірдің қысы әлі де қаһарынан қайта қойған жоқ. Қарлы боран айдың екінші жартысы басталысымен қайта соқты. 18 наурыз күні Қарсақбай-Байқоңыр бағытындағы жолдың 15-шақырымында қар құрсауында қалған 7 жолаушысы бар 2 автокөлік қауіпсіз жерге жеткізілді.

Осы құтқару жұмысына Қарсақбай кенті әкімдігінен 1 автокөлік пен 4 адам жұмылдырылды. Құтқару жұмыстары, тіпті, Наурыз мейрамы күндері де жүргізілді. Мереке күндері соққан ақтүтек боранда, қар қыспағында қалған жолаушылар аман-есен елді мекендерге жеткізіліп отырылды. Аудандық төтенше жағдай бөлімі мен аудан әкімі аппаратының төтенше жағдайлар қызметі қызметкерлері бірлесіп, жол талғамайтын «КамАЗ» автокөлігімен жолда қалғандарға көмек көрсетті. Құтқару жұмыстары жайлы осы қызметтің бас инспекторы Қайрат Далабаев:

– Құтқарушылар бескүндік мереке күндері де құтқару жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Бөлім қызметкерлерінің жедел көмегі нәтижесінде 23-24 наурыздағы боранда жолда қалған 15 жолаушысы бар 4 автокөлік құтқарылды. Аудандық төтенше жағдай бөлімінің ескертпелеріне құлақ аспай жолға шыққан жолаушылар, негізінен, Жезді-Қарсақбай, Ұлытау-Жезді, Ұлытау-Терісаққан бағыттарындағы автожолдарда қар құрсауында қалған. Жолаушылардың барлығы аман-есен барар жерлеріне жеткізілді. Өкінішті оқиғалар да орын алуы әбден мүмкін еді ғой. Сондықтан жолаушылар өз бастарын өздері қатерге тікпей, боранды күндері жолға шықпағандары абзал. «Сақтансаң – сақтайды» деген емес пе?! – деді бізбен әңгімесінде.

Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ