Қар тазалау жұмыстары қарқынды
Биылғы жыл бәріміз үшін ауа райы қолайлы болып тұр. Қыс қаһарына мініп, қатты мінезін көрсете қойған жоқ. Десекте, ара-тұра соғып тұрған боранда халық абдырап қалмас үшін көшені қардан тазалау жұмыстары бір жүйеге қойылған.
Осыдан бір аптадай уақыт бұрын 3 күн қатарынан соққан боран әжептәуір қарды үйіп тастағандығы бәрімізге белгілі. Аудан орталығындағы барлық деңгейдегі көше жолдарының қары қалыңдап, автокөліктердің жүруіне қиындық туындады. Тіпті, жаяу жүргіншілер де қалың қарды омбылап, адымдай алмай қалды. Бірақ, көп ұзамай мәселе өз шешімін тапты. Аудан орталығында тазалықты сақтап, тәжірибе жинаған мердігер «Бекетай баба» ЖШС ұжымы бұл мәселеге білек сыбана кірісті. Көше жолдарын қардан тазарту жұмыстарына 1 автогрейдер, 2 алып техника (погрузчик), 1 трактор, 2 «Камаз» жұмылдырылды. Аудан орталығындағы барлық көше жолдарын қардан аршып, 1120 текше метр қар сыртқа шығарылды. Сондай-ақ, мердігер аудан орталығындағы Абай көшесінің жаяу жүргіншілер жолы мен әлеуметтік нысандар аумақтарын тазартуға ерекше назар аударып, қардан тазарту жұмыстарын жүргізді.
Шындығына келгенде, бұл мердігерге жүктелген міндеттеме жеңіл емес. Атап айтқанда, қар жауған сайын жолдардың қарын қолмен күрегендей тазарту оңай болмайды. Жұмыстарына күнделікті таңғы сағат жетіден бастап кіріседі. Олар тек қана көше жолдарын ғана емес, көпшілік жиналатын қоғамдық орындарды да қардан тазартудың жүйелі түрде жүргізілуін ұйымдастырып келеді.
Бұл мердігердің атқарып жатқан жұмыстарына аудан халқы да дән риза.
Жасұлан АЯШЕВ