Қарқаралы ауданының тұрғыны өз ісін ашуға фермерлерден грант алды

Қарқаралы ауданының Балқантау ауылдық округінде жергілікті фермерлер бекіткен грантқа конкурс өткізілді. Қарабұлақ ауылының 33 жастағы тұрғыны Әсел Жұмаділова жеңімпаз атанды. Жүлде қоры 700 мың теңгені құрады.

Байқауға төрт бастауыш кәсіпкер қатысты. Олар комиссияның қарауына шаштараз, маникюр салоны, жылыжай және наубайхана ашу жобаларын ұсынды.

– Комиссия шешімімен байқаудың жеңімпазы Әсел Жұмаділова болды. Ол Қарабұлақ ауылында шаштараз ашу жобасын таныстырды. Бірнеше жыл бойы Әсел жергілікті тұрғындарға шаштараз қызметін көрсетіп келеді. Ол сұранысқа ие шебер, оған тіпті көрші ауылдардан да келеді, сондықтан біздің таңдауымыз соған түсті. Оның үстіне ол көп балалы ана, – деді «Құт» шаруа қожалығының басшысы Серік Мұқанов.

Әзірше Әсел клиенттерді үйінде қабылдайды. Бірақ бұл ыңғайсыз, дейді кәсіпкер. Гранттық қаражатқа ол креслолар мен басқа да жабдықтарды сатып алмақшы.

– Мен өзімнің шаштаразымды ашамын деп көптен бері армандап келгенмін. Біздің аулада жөндеуді қажет ететін жапсырма ғимарат бар. Онда біз шаштараз салонын жабдықтаймыз. Болашақта тағы сонымен қатар тігін салонын ашқым келеді, себебі негізгі білімім бойынша мен модельер-конструктормын, – дейді болашақ кәсіпкер.

Мұндай байқау биыл алғаш рет өткізілді. Болашақта бұл дәстүрге айналады, дейді ұйымдастырушылар. Жүлде қорын да арттыру жоспарлануда.