Аппарат кеңесінде құрылыс саласының келешегі қаралды

Облыс әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫНЫҢ төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі  өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма, департамент және мекеме басшылары, қала, аудан басшылары қатысты. Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі құрылыс саласына қатысты болды.

Аймақтағы құрылыс саласының  2022 жылғы  қорытындылары мен  биылғы жоспарлары туралы  Ұлытау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Н.Орынбаев баяндады. Оның айтуынша, 2022 жылы облыста тұрғын үйлерді пайдалануға беру көрсеткіші 57 129 ш.м.  2023 жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 111,5 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.

Облыстағы құрылыс жұмыстарының көлемі, өз кезегінде, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 106,2 млрд теңгені құрады. Көрсеткішке қол жеткізу ірі өнеркәсіптік объектілерді салу және мемлекеттік бағдарламалар аясында  инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен іске асырылды (ірі және орта кәсіпорындар – 69,4 млрд теңге, шағын кәсіпорындар – 36,9 млрд теңге). Облыста 2023 жылға жоспарланған құрылыс жұмыстарының көлемі 117,9 млрд теңгені құрайды.

Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы облыстық бюджет  есебінен (251,3 млн теңге) Ұлытау ауданында 15 жалдамалы пәтер, Жаңаарқа ауданында 3 пәтер сатып алынды. 2023 жылы облыста 104 пәтер сатып алуға республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлуге өтінім берілген.

Берік Әбдіғалиұлы құрылыстың жоғары қарқынын сақтауды, соның ішінде жеке құрылыс салушылармен ынтымақтастықты кеңейтуді, сондай-ақ өңірдегі тозығы жеткен және апатты жағдайдағы көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеуге баса назар аударуды тапсырды. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, облысымызда мұндай 400 үй бар. Оның ішінде Жезқазғанда 26, Сәтбаевта 20 үй апатты деп танылды.