ҚАНЫШ және ҚАРСАҚБАЙ: Геология ғылымының бастауында

Академик Қаныш СӘТБАЕВТЫҢ қазақ қоғамының ілгерілеуі мен ұлттық ғылымның іргетасын қалаудағы теңдесіз еңбегін шағын мақалада сипаттап шығу мүмкін емес. Әр ұлы істің бастауы бар. Қаныш Сәтбаев ең алдымен геолог, жертану ғылымының әлем таныған білгірі.

Қаныш Имантайұлының өмірінде және геологиялық қызметінде сенімді серік болған Т.А.Кошкина– Сәтбаеваның (1949 ж.) ертеректе жарияланған естелігі бар. Қ.Имантайұлының Ұлытау – Жезқазғандағы кезеңдерін «Ұмытылмас жылдар» деп атайды автор. Үміт пен күдік, қажырлы еңбекпен өткен 15 жыл. Кейіннен 1939 жылы Қор жөніндегі орталық комиссиясының (ЦКЗ) шешімінде былайша атап көрсетілді. «Геолог Қ.И.Сәтбаевтың Жезқазған аумағындағы 15 жылғы тынымсыз зерттеуінің нәтижесі таңқаларлық: 15 жылда барланған қор мөлшері алғашқы белгілі болған межеден 457 есеге артты» (Т.А.Кошкина. 1984 ж. С.90). 10 есе, 20 есе, 100 есе емес, 400 есе. Бұл – Қ.И.Сәтбаевтың көріпкелдігі емес, кентану ғылымындағы теңдессіз білімі мен еңбекқорлығының нәтижесі. Жезқазған қыртысының кен құраушы металдары – мыс, қорғасын, мырыш, әсіресе сульфидті мыс екені белгілі болды. Сол сияқты Қарсақбай төңірегіндегі оңтүстіктен солтүстікке қарай созылып жатқан (300 км-ге) Балбырауын, Керегетас (200 млн. т. қоры бар) темір кен орындары жөнінде алғашқы болжамдар жасалды. «Қарсақбай темір кварциті құрамы және геологиялық құрылымы жағынан Кривой Рог пен Курск Магнит аномалиясымен (КМА) пара-пар» (Қ.Сәтбаев. 1961 ж. С.17). Жезқазғанда күкірт қышқылы хим.заводын, Ешкіөлмес астбесі негізінде (әлемде теңдесі жоқ) цемент азбест өндірісін, қара металлургия комбинатын салу жөніндегі армандар дүниеге келді. Мыс алқабында кейіннен 20-дан астам сирек металдар анықталды. (Рений күмістен 1950 ж. 50 есе қымбат болды). Геология – экономикалық тұрғыда Жезқазғанның КСРО экономикасына қандай пайда келтіргенін бір ғана цифрмен дәлелдеуге болады. «Каждая тонна меди и свинца, выявленных в недрах Жезказгана, обошлось государству в среднем 1 руб. 51 коп.» (Қ.Сәтбаев. 1961 ж. С.14). Салыстыру үшін, Оралдың 1 тонна мысына 40 сом жұмсалған екен. Одақ индустриясында Жезқазғанға тең келер аналог жоқ еді. Кеннің 30 % ашық әдіспен өндірілсе, сульфидті кен құрамында кремний көп болғандықтан өрт қаупі секілді апаттар орын алмады. Жезқазғанды дәлелдеу – геология ғылымында, жалпы жаратылыстану саласында тың әдісті дүниеге әкелді. Ол – Орталық Қазақстанның металлогендік болжам картасы. Кейін 25-30 жыл өткен соң Қ.Сәтбаевтың бұл еңбегі жер мен ғарыштың, жалпы әлемнің пайда болуы жөніндегі жаңалықпен пара-пар бағаланды. Ағылшын геологтары (Болл, Гарвей) 50 м тереңдікке бұрғы бойлатуды армандаса, Қ.Сәтбаев жер қыртысының 600 мың — 2млд. жыл шеңберіндегі жаралу заңдылықтарын болжады. Металлогения бұрғы салмай болжау, яғни ғылым арқылы көрмей болжау.
Геолог Қ.Сәтбаев пен оның әріптестерінің Жезқазған үшін болған күресін біз көз алдымызға елестете де алмаймыз. «Ол кезде ғылыммен айналысуға уақыт та болған жоқ. Жезқазғанның қорын есептеуге үлкен коллектив біркісідей жұмылды. Қ.Имантайұлы таусылмас энергиясымен, тәулігіне 15 сағат үздіксіз жұмыс күнімен бәрімізді шабыттандырды»,- деп еске алады Т.А.Кошкина. (Т.А.Кошкина. 1984 ж. С.81). 1927 жылы Қ.Сәтбаев Жезқазғанның кен байлығы Америкадағы ірі мыс ошақтарынан да асып түсетінін батыл жариялады. Қ.Сәтбаев бұл жылдары Мәскеуден басқарылатын «Атбасцветмет» тресінің басқарма мүшесі және геологиялық бөлімін басқарды. «Қазақстан халық шаруашылығы» журналында «Қарсақбай ауданы және оның болашағы» мақаласы жарық көріп, қазақ геологының білімі мен болжағыштығы, аналитикалық зердесі ғылыми ортаны елең еткізді. Геологтың Ұлытау – Жезқазған аймағының пайдалы қазбалары жөніндегі ең алғашқы мақаласы өлкенің пайдалы қазбалары, болашақ индустриалдық дамуға негіз болатын тау – кен базасы жөнінде алғашқы толыққанды геологиялық еңбек еді. «Жезқазған жалғыз Қазақстан емес, бүкіл Кеңес Одағының жеріндегі мыс кендерінің ең көлемдісі. Жезқазған кенінің жеке өзінің ауданы 100 шаршы шақырымдай бар. Кендердің қазірге дейін бұрғылаумен зерттелген көлемі небәрі 90 сотық. Осы 90 сотық жердегі бар кеннің мөлшері 86 метр шамасы, одан 1700000 пұт таза мыс алынбақ. Ал болжаулы шамасы – 2500000 пұт», — деп жазады геолог аталмыш мақаласында. Жезқазған – Ұлытау аймағына қызметке келген соң үш жылдан кейін Қ.Сәтбаев отбасымен Қарсақбайға көшіп келіп, 1929 ж. Қарсақбай мыс комбинатының геологиялық барлау бөлімін қолына алды. Бұл бөлім Қазақстандағы ең тұңғыш геологиялық барлау мекемесі болатын. Сәтбаевқа дейін Қазақстанды геологиялық жағынан зерттеуді Бүкілодақтық геологиялық комитет атқарып келді. Күрделі зерттеулерге мүлдем қаржы бөлінбеді. Жезқазған-Қарсақбай аймағына келген небәрі 3 жылда Қазақстанның дербес геологиялық мекемесін ұйымдастыруға қол жеткізді. «1929 жылы Қазақстанның геологиялық тұңғыш тұрақты ұйымы – Қарсақбай комбинатының геологиялық барлау бөлімі құрылды. Бұл бөлім Жезқазғанның және осы аймақтың геологиялық жағдайы мен минералдық байлығын жоспарлы түрде, комплексті зерттеу мәселесін алғашқы кездің өзінен-ақ мықтап қолға алды»,- деп жазды Қ.И.Сәтбаев. (Қазақстан – менің Отаным. 1999 ж. 91 б.) Осы шағын ұйым Москва мен Ленинградтың геологтарымен, ғылыми мекемелерімен, өндіріс орындарымен тығыз ынтымақта жұмыс атқарды. Кейіннен бұл кеңсе Жезқазған комплексті геологиялық-барлау экспедициясы аталды.
Қарсақбайда құрылған алғашқы дербес барлау мекемесінің алдында геологиялық барлау жұмыстарын ұйымдастырудың орасан үлкен міндеттері тұрды. Ең бастысы бұрғылаушылар, геологтар, техник қызметкерлер секілді негізгі кадрларды даярлау және баспанамен қамтамасыз ету. Бұрғылау қондырғыларын үздіксіз сумен жабдықтаудың өзі үлкен күшпен атқарылды. Геологиялық бөлімнің бастығы ең бірінші кезекте аудан тұрғындарының есебінен барлау мамандарын даярлауды қолға алды. Жезқазған, Қарсақбай аймақтағы алғашқы индустрия орталығы болғандықтан шекаралас өңірлерден жұмысшылар легі толастамады. Уақытша жұмысқа келген жоғары, арнаулы орта білімді мамандар жергілікті тұрғындарды қыр қазағы үшін беймәлім кәсіпке үйретті. Сауатсыздықты жою мектептері, ФЗУ курстарында бұрғылау шеберлері, коллекторлар, лаборанттар, жөндеушілер, қатардағы жұмысшылар даярлайтын бөлімдер ашылды. Сөйтіп, 1930 жылы – 10 станок, 1931 жылы – 15, 1932 жылы – 20 станок жұмыс істеді. Комбинаттың отын көзі Байқоңыр мен Қияқтыда көмір қорын барлауға 7 бұрғылау станоктары пайдаланылды. (С.Қожамсейітов. Қарашаңырақ Қарсақбай. 2008 ж. 33 бет). Қ.Сәтбаев 1932-35 ж.ж. барлау қызметіне қаржы бөлу қиын жағдайға түскенде, осы қиындықтың өзін білімінің арқасында пайдаға жаратты. Қалайша? Жезқазғанның тотыққан мысы — лак-сыр бояу өндірісі үшін таптырмас шикізат. Осыны пайдаланған Қ.Сәтбаев одақтың «Лакокрассырье» тресімен келісімге келіп, 1934-40 ж.ж. аталған тресс Жезқазған рудасының әр тоннасынан құны 10 млн.руб.сыр бояу өнімдерін шығарды. Тіпті аса қат руданы самолетпен тасыған. Нәтижесінде, барлаушыларға жылына 1 млн. руб. қаржы бөліп тұрған.
1933 жылы Жезқазғанның жер қойнауын барлаушылар қатарында 700 адам еңбек етті. 1937 ж. мыс қоры 3 млн тоннадан асты. Ұлы ғалым Қарсақбайдан аттанар тұста барланған мыс қорын 5 млн-ға жеткізді. Және бұл аймақты кешенді игеру, жер қыртысының терең қабаттарын тиянақты зерттеуді шәкірттеріне тапсырды.
Қ.И.Сәтбаев жетекшілік жасаған барлау мекемесінің аймақтың пайдалы қазбаларын жан-жақты зерттеуі нәтижесінде болашақ Үлкен Жезқазғанның құрылысына қажетті құрылыс материалдары – гипс, извест, доломит, балшық, қиыршық тас, т.с.с. мол қоры табылды. Геологиялық барлау кеңсесінің жанынан минераграфиялық, петрографиялық, микрофото, аналитикалық химия, топырақ, құрылыс материалдарын, тағы басқаларды талдайтын зертханалар, шеберханалар бар, қуатты ғылыми-зерттеу секторы жұмыс істеп жатты. «Мен Жезқазғанда көп жылдық еңбек өтілі бар геологтар басқарған ұйымшыл және әлеуетті геологиялық барлаушылар ұжымын қалдырдым, — деп жазды Қ.Сәтбаев 1952 жылы 20 қаңтарда – Қазыналы аймақтың барланған мыс қоры сол кездің өзінде 5 млн. тоннадан асты. Жылдан-жылға қарқын қосқан геологиялық барлаушылардың жерасты байлығын зерттеуге кешенді қарауы керек болады». Жезқазған-Ұлытау аймағын барлаушылар ұжымы 1940 жылдары үлкен табысқа жетті. Жезқазған кенінде 1940 жылы табылған мыстың запасы бұған дейінгі барлық запастың 25,5 пайызына жетті. «Табысқа жетудің ең негізгі шарты – барлаушылар коллективінің ұйымшылдығы, еңбек тәртібінің беріктігі, жұмысшылардың бір орнында тұрақты жұмыс істеуі болды. Бұрғы мастерлерінің 90 проценті жергілікті жердің өзінде даярланған. Жезқазғанда 5 – 10 жылдан бері істейтін қазақ кадрлары. Олар өз істерінің мамандары». (Соц. Қазақстан.1941 жыл, 23 сәуір)
Барлаушылар геологиялық барлау қызметінің техникасын жетілдіру, өнертапқыштық арқасында нәтижеге жетті. Олар жаңалықты тез арада өндіріске енгізіп отырды. 1930 жылдары қысқы барлауда киіз үйді пайдаланудың өзі еңбек өнімділігін 4-5 есеге арттырды, шығын мен уақытты 3% арзандатты. Айта кету керек, 1927 жылы шілденің орта шенінде «Атбасартүстіметалл» тресінің бас геологы Қ.Сәтбаев өзінің барлаушылық ғұмырындағы тұңғыш скважинаны ұңғыды. Бұл ағылшын кезеңінен кейінгі Жезқазған қыртысына түскен 236-шы ұңғыма еді. Ағылшындар 13 жылда 235 скважина бұрғылап, болашақ заводтың (Қарсақбай) 12 жыл қамсыз жұмыс істеуіне қажетті қорды болжап қойған еді. Қ.Сәтбаев жетекшілік жасаған барлаушылар ұжымының жетістігі таңқаларлық.
«Жұмыс ауқымының көбеюіне байланысты комбинаттың геологиялық бөліміне жаңа тұрғын үйдің дербес үш бөлмесін берді. Ең үлкен бөлме «Камералка», – деп еске алады Т.А.Кошкина-Сәтбаева. – Мұнда 8-9 маман иық тірестіріп отырып жұмыс істейді. Кабинет одан шағындау, бір стол Қаныш Имантайұлының орны, екінші үстел – геологтардікі. Шағын кеңседе 18-20 адам жұмыс істейміз. Біздің үй осы мекенжайдың екінші басында. Сағат бірде Қ.Имантайұлының тұсындағы қабырғадан белгі беріледі. Түскі асқа шақырған хабар. Ол түскі үзіліске жалғыз келмейді. Кейде геологтар біздің үйде қонып қалады» (Т.А.Кошкина. 1984 ж. С.76). Бұл киелі шаңырақ бүгінде академик Қ.И.Сәтбаевтың Музей-үйі. Және Қазақстандағы ең тұңғыш дербес барлау кеңсесінің қарашаңырағы.

Зейпін ҚАЗАНБАЕВА,
Жезді кентіндегі М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің басшысы.

Пайдаланылған әдебиеттер: Т.А.Кошкина Қ.Сәтбаев.А.1984ж.; Қ.Сәтбаев Үлкен Жезқазған. Геология және металлогения.А.1961ж.; Қ.Сәтбаев Қазақстан – менің Отаным.А. 1999ж.; С.Қожамсейітов Қарашаңырақ – Қарсақбай.А. 2008 ж.; Социалистік Қазақстан 1941ж. 23 сәуір.