Қаныш есімін ұлықтаған айтыс өңір жұртшылығын екі күн жырға бөледі

Өткен аптаның соңында Сəтбаев қаласында Ұлы академик Қаныш Имантайұлы СƏТБАЕВТЫҢ 125 жылдығына арналған «Қаныштың қазыналы əлемі» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Аталмыш аламанға еліміздің түпкір-түпкірінен талай жыр додаларында бақтары мен баптарын сынап жүрген «мен» деген 12 ақын қатысты.

Жыр додасы ұлы ғалымның рухына тағзым ету шарасымен басталды. Аламанға келген айтыскер ақындар мен қазылар алқасы қаланың бас алаңындағы Қаныш Сəтбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, қалалық мұражайды тамашалады.
Айтыстың шымылдығы Сəтбаев қаласы əкімінің міндетін атқарушы Алмат Сауқымовтың құттықтауымен түрілді.
– Айтыс – халықтың төл өнері. Осынау ұлы өнерде ұрпаққа берілетін сарқылмас тəрбие мен тəлім жатыр. Оның үстіне Ұлытау өңірінде осындай өнерді дəріптемесек, бізге сын. Биылғы ақындар айтысының тақырыбы да ауқымды. Ол дара тұлға, ұлт мақтанышы Қаныш Сəтбаевтың 125 жылдығына арналып отыр. Аламанға қатысқалы отырған ақындарға сəттілік тілеймін, – деді Алмат Сауқымов өз сөзінде.

Сəтбаев қаласына жиналған жыр саңлақтарының өнеріне белгілі ақын Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы төрелік жасады. Ал, айтыстың тізгінін əдеттегідей ҚР еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Əлтаев ұстады.
Көмейлерінен көмкерілген көркем жырды домбыраның шанағына сыйғызып жүрген 12 ақын 6 жұпқа бөлініп, өңір жұртшылығын екі күн бойы жырға бөледі. Аламан айтысты тамашалауға келген көрермендердің де қатары қалың болды.
Жырдан маржан тізген сөз зергерлерінің өнерін бағалау қазылар алқасына да оңайға түскен жоқ. Ақындар өзгелердің сезбесін сезіп, көрмегенін көріп, ойламағанын болжап, тілі жетпегенін халықтың атынан жеткізе білді. Қазылар да соны дөп басып, лайықты бағасын беріп отырды.

Екі күнге созылған аламан айтыстың қорытындысы бойынша Бас жүлде Қызылорда облысынан келген Мейірбек Сұлтанханға берілді. Оған өңіріміздегі іргелі кəсіпорын – «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен алынған темір тұлпардың кілті табыс етілді. Ал, бірінші орын жəне 1 500 000 теңге сомасындағы ақшалай сертификатты жерлесіміз Өміржан Көпбосын қанжығасына байлады.
Қазылар алқасының шешімімен екінші орын жəне 1 000 000 теңге сомасында ақшалай сертификат Жансая Мусина (Батыс Қазақстан облысы) мен Дидар Камиевқа (Қарағанды облысы) берілді. Үшінші орынды 700 мың теңгемен Серік Қуанған (Шығыс Қазақстан облысы) жəне Айым Асылбек (Алматы облысы) иемденсе, Ш.Ділдебаев пен К.Салықов атындағы арнайы жүлделер мен 500 мың теңгелік ақшалай сертификаттар Біржан Байтуков (Шымкент қаласы) пен Жігер Бөкенге (Павлодар облысы) табыс етілді.
Орайы келгенде айта кетейік, Сəтбаев қаласында осындай ақындар айтысын өткізу дəстүрге айналған. Ал бұл жолғы айтыстың мəні мен маңызы тіптен зор. Айтыстың өркендеуіне өңір басшысы Берік Əбдіғалиұлы да қолдау танытып отыр.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.