Аналар – құрмет құшағында
Әйелдердің халықаралық күніне орай аудандық білім бөлімінің ғимаратында әр салада еңбек етіп жүрген нәзікжанды аналарымызға арналған мерекелік кеш өтті. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен салтанатты шараны аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Эльмира Ершұманова жүргізді.
Аудан әкімі Аманжол Мырзабеков дөңгелек үстелге қатысушы қыз-келіншектерді 8 наурыз – Әйелдердің халықаралық күнімен құттықтап, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырақтарына шаттық тіледі. Бұдан кейін аудан прокуроры Рахымжан Рахатов, аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбекұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Абдраимов, Жезді кентінің әкімі Мұратбек Жұмабеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Каренов аналарды мерекелерімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Құттықтау сөзден кейін ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектерге гүл шоқтары ұсынылып, мерекелік сый-сияпаттар табысталды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар бүгінгі қоғамда әйел азаматтардың атқарып отырған рөлі турасында пікір алмасты. Ал, Жезді кентінің Аналар кеңесінің төрайымы Қуаныш Камалова аналар қауымы атынан аудан басшыларына алғысын айтты.
Іс-шара соңында жергілікті өнерпаздар аналардың құрметіне әсем әндерін тарту етті.